Экономика

ҚР Қарулы күштері қатарындағы заманауи техника таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы әскери парад кезінде еліміздің Қарулы күштері қатарындағы заманауи техника таныстырылды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Салтанатты шеруді Қазақстан Қарулы күштерінің әскери техникасы жалғастырды.

Жалпы, армияны жаңғыртуда отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің маңызы зор. Қазіргі кезде елімізде көптеген шетелдік аналогтардан асып түсетін қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері шығарылады. Парадта брондалған машиналарды, түрлі гаубицаларды, жауынгерлік машиналар мен реактивті жүйелерді, дәлдігі жоғары зымыран кешендерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс қару-жарағын, минадан тазартатын техниканы тамашалау мүмкіндігі болды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
«Арлан» көпфункционалды сауытты дөңгелекті машиналары «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» отандық кәсіпорнында жасалған. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жауынгерлік машина әскери қызметке 2016 жылы қабылданды. Көп қабатты сауыты экипаж бен десанттың атыс қаруы мен минадан қорғайды. Машинаның қуатты қозғалтқышы жолсыз жерде жүруге бейімді, ал 14 тонна жауынгерлік салмағы жылдамдықты сағатына 120 шақырымға дейін жеткізе алады. 2024 жылдан бастап 15 «Арлан» сауытты дөңгелекті машинасы Голан жоталарында Қазақстан бітімгерлік контингентінің жауынгерлік міндеттерін орындауды қамтамасыз етіп келеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Сонымен қатар, шеруге Т-72 танктері тартылды. Ол — Құрлық әскерлері құрамаларындағы негізгі жауынгерлік техника. Машиналар «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорнында толық жаңғыртудан өткен.

Ал жаяу әскер жауынгерлік машинасы (БМП-2) кез келген жағдайда, соның ішінде шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ жаудың үздіксіз атыс әсерінде қолданылуы мүмкін. Ол су кедергісін жүзіп өте алады. Жауынгерлік машинада 30 миллиметрлік автоматты зеңбірек, танкке қарсы басқарылатын зымырандар мен пулемет орнатылған. Ол құрлықтағы және әуе нысандарына да атыс жүргізе алады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Мұнымен қоса, парад кезінде БTР-82A жаңа нұсқасы көрсетілді. Бұл техника жақсартылған барлау мүмкіндіктеріне ие. БТР-де 30 миллиметр калибрлі жылдам атылатын автоматты зеңбірек және 7,62 мм калибрлі жұптастырылған пулемет орнатылған.

Алаңға 240 мм өздігінен жүретін 2С4 «Тюльпан» минометі де шығарылды. Бұл қуатты бекіністердің артында тұрған командалық пунктер мен жау техникасын жоюға арналған ең қуатты миномет жүйелерінің бірі.

Сондай-ақ 122 миллиметр калибрлі «Град» дүркіндеп ататын реактивті жүйелерінің жауынгерлік машиналары – Құрлық әскерлеріндегі аңызға айналған артиллериялық жүйе. Бұл жүйе әскерлерге күшті атыс қолдауын қамтамасыз ете отырып, ұрыс қимылдарындағы сенімділігі мен тиімділігімен кеңінен танымал.

Фото: Kazinform
300 мм 9к58 «Смерч» реактивті жүйесі бір мезгілде дүркіндеп ату көмегімен нысандарды дәлдікпен жоюға арналған. 12 бағыттаушы қондырғы бір оқта 67 гектарға дейінгі аумақты қамтиды.

Парад кезінде көрермендер С-300ПС зениттік-зымырандық жүйесін тамашалады. Ал «Бук-М2Э» зениттік зымыран кешені әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ең заманауи кешендерінің бірі саналады.

Фото: Kazinform
«Тор-М2К» зениттік-зымыран кешені ұшақтарды, тікұшақтарды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, сондай-ақ қанатты зымырандар мен радиолокацияға қарсы зымырандарды қоса алғанда, дәлдігі жоғары қаруларды тиімді анықтауға және соққы беруге қабілетті.

Әскери шеруде «Terrex 2 – Барыс-А 8х8» мультифункционалды жауынгерлік машинасы да көрсетілді. Ол суда жүру сипаттамалары бойынша әлемдегі ең үздіктердің бірі болып саналады. Тактикалық-техникалық сипаттамаларын ескере отырып, «Terrex» Әскери-теңіз күштерінің десанттық-шабуылдау батальонын жарақтандырудың негізгі үлгісі ретінде ұсынылады.
«Барыс» брондалған дөңгелекті машиналары қашықтан басқарылатын «Сұңқар» және «Аңсар» жауынгерлік модульдерімен қаруланған. Бұл қазақстандық «WSE» компаниясының мамандары әзірлеген жаңа қару-жарақ кешендері. «Барыс» ауыр калибрлі соққыларға және артиллериялық снарядтардың сынықтарына төтеп бере алатын күшейтілген броньға ие. Сондай-ақ, машина миналардан қосымша қорғаныспен жабдықталған.

Фото: солтан Жексенбеков / Kazinform
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп жатыр.

https://kaz.inform.kz/news/karuli-kushter-katarindagi-zamanaui-tehnika-tanistirildi-880935/

Related Articles

Back to top button