Экономика

Оқу мен өндірісті ұштастырған

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі — Батыс Қазақстан аймағы бойынша тау-кен мамандарын даярлайтын бірегей білім ордасы. Бүгінде колледжде мыңнан аса оқушы тау-кен саласының түрлі мамандықтары бойынша білім алып жүр. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған бұл колледж — теория мен тәжірибені үйлестіре отырып, еңбек нарығына нақты сұранысқа ие мамандар даярлайтын жетекші оқу орны. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында аталған оқу орны мен кәсіпорынға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева журналистерге оқу орнындағы заманауи үлгіде жабдықталған түрлі зертхана, оқу кабинеттерін жеке-жеке таныстырды.

Оның айтуынша, 1979 жылы негізі қаланған колледждің басты серіктесі — Дөң тау-кен байыту комбинаты. Бұл кәсіпорынмен арадағы серіктестікке биыл 45 жыл толып отыр. Осы аралықта колледж 7 мыңнан астам маман даярлап, өндіріске жолдаған.

— Колледжде дуальды оқыту жүйесі толық енгізілді және мұндағы барлық білім алушыға өндірістік тәжірибеден өту, еңбек өтілін жинау әрі болашақ жұмыс орнымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік жасалған. Біздің оқушылар Дөң тау-кен байыту комбинатының цехтарында тәжірибеден өтеді, — деді Бағдашжан Молдашева.

Колледж аумағында арнайы оқу-шахта полигоны бар. Журналистер арнайы киіммен оқу-шахтасында болып, ондағы құрал-жабдықтармен, қондырғыларды басқару технологиясымен танысты. Бағдашжан Молдашеваның айтуынша, бұл нысан оқушылардың өндірістік жағдайларға барынша ұқсас ортада машықтануына мүмкіндік береді. «Бұл — еліміздің батыс аймағы колледждері арасындағы бірегей жоба. Бұған дейін Балқаштағы оқу орнында осындай оқу-шахтасы барын білеміз», — деді колледж директоры.

Журналистер оқу орны базасындағы BOOMER-282 зертханасы, мехатроника, өндірістік автоматика, ұшқышсыз басқару жүйелері (БПЛА) сияқты заманауи зертханаларды да аралап көріп, ондағы қондырғылардың жұмыс жасау барысымен танысты.

Былтыр аталған колледжге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келіп, білім алушылармен және оқытушылармен кездесу өткізуі білім ордасы үшін маңызды оқиға болды. Бүгінде колледж басшылығының бастамасымен бұл оқу орнында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және IT бағыты белсенді дамып келеді. Теория мен өндірісті шебер ұштастыра білген оқу орнында жыл сайын түлектердің 95 пайызы жұмыспен қамтылады.

Колледждің жетістіктері де елеулі. «Жылдың үздік колледжі» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі еліміздегі үздік 10 колледждің қатарына енген. Сондай-ақ бұл оқу орны — халықаралық NCCER аккредитациясынан өткен, WorldSkills қозғалысының белсенді қатысушысы. Сонымен қатар колледж жанынан жыл сайын 800-ден астам маман оқытылатын салалық құзыреттер орталығы жұмыс істейді.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі бұл тек білім беру мекемесі ғана емес, еліміздің индустриялық келешегін қалыптастырып отырған стратегиялық орталық деп айтуға толық негіз бар.

Қазіргі таңда мұнда ERG және Дөң тау-кен байыту комбинатының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар қатарында ERG SKILLS чемпионаты, «Жас маман», TIKA бағдарламасы, «ДТБК-ға арналған жаңа мамандықтар атласы» және «ERG колледждер үшін» бастамасы қолға алынған.

Баспасөз турында журналистер оқу үдерісінің ерекшеліктерімен, ондағы білім алушылардың алдағы республикалық, халықаралық деңгейде өтетін түрлі байқауларға дайындығымен қатар, түлектердің өндірістік өмірге икемделу барысын өз көзімен көрді. Сондай-ақ олар колледждің басты серіктесі — тау-кен комбинатының жаңадан ашылған «Болашақ» шахтасының аумағында болып, өндіріс орнының жұмысымен де танысты. Бүгінде аталған өндірісте еңбек етіп жүргендердің дені — осы колледж түлектері.

Related Articles

Back to top button