Экономика

АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР, АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР…

ЖУЫРДА АУДАН ӘКІМІ АСҚАР ҚАЗЫБАЕВ ОЙЫЛ АУДАНЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕ АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАСЫНДА БАЯНДАДЫ. БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУДЕ БЕРГЕН ТАПСЫРМАЛАРЫ АЯСЫНДА БІРҚАТАР ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ. ӘКІМ АЛДЫМЕН ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫНА ТОҚТАЛДЫ.

Ауданымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы. Сондықтан мал азығын дайындау науқаны жаз бойы қарқынды жүргізіліп келеді. Аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтары мен келісе отырып, 1897 аулаға яғни, 90 пайыз мал азығы түсірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Мал азығын дайындауда лиманды алқаптар қолайлы. Сондықтан, өткен жылдарғы су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Яғни, «Қазсушар» мекемесі арқылы бүгінгі күні 4100 га Қиыл-Тассай лиманды алқабындағы су тасқыны кезінде бұзылған бөгеттер толық жөнделді.
Аудандағы елді-мекендерді газдандыру бойынша кешенді жоспарға сәйкес, биыл 3 ауыл — Шиқұдық, Амангелді, Көптоғай ауылдарына көгілдір отын берілді. Келесі жылы Қаракемер, Ақшатау Кемер, Ақкемер ауылдарына ауылішілік газ құбырын тарту жоспарлануда.
Ауызсумен қамтамасыз ету бойынша ауданның 21 елдімекеннің 20-сы сапалы ауызсумен қамтылса, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылындағы орталықтандырылған ауызсу құбырының құрылысы биыл аяқталады.
Жол құрылысы негізінен көлемді қаражатты талап ететін жоба. Қазіргі таңда Ойыл-Қараой бағытындағы автомобиль жолының 15-30 және 30-45 км бөлігінде орташа жөндеу, Қаратал ауылына және Ойыл селосына кіреберіс автомобиль жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Қаратал ауылындағы Сүлеймен Әулие, Ш.Берсиев және Ж.Жүсібалиев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал, көпір құрылысына келер болсақ, бұл да үлкен қаражатты талап ететін стратегиялық жоба. Бүгінгі күні Ойыл селосына кіреберіс көпір құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 70 жерасты ұңғыма құймалары құйылды. 3 тірек тұрғызылды, 8 тірек көпірдің 50 бетон плиталарының 43-і жеткізілді.
Әлеуметтік нысан құрылысы бойынша аудан орталығындағы жаңадан бой көтерген 320 орындық мектеп және 150 орындық балабақша құрылысы аяқталу сатысында. Қаратал ауылындағы жаңа 60 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталды. Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 8 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысы басталады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 28 пәтер сатып алынады. 3 жаңа коммуналдық тұрғын үй аяқталу сатысында.

Related Articles

Back to top button