Жаңалықтар

АҒАШҚА ЖАН БІТІРГЕН ШЕБЕР

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙІП, АТА КӘСІПТІ БҮГІНГІ ЗАМАН ТАЛАБЫМЕН ҰШТАСТЫРЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ОЙЫЛДЫҚ ШЕБЕР ҚУАНЫШ МЕРГЕНБАЕВ. ЖИЫРМА ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТТАН БЕРІ АҒАШ ӨҢДЕУМЕН АЙНАЛЫСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН КӘСІПКЕР БҮГІНДЕ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫҢ ӨМІРШЕҢДІГІН САҚТАУҒА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ.

Аудан орталығындағы шеберханаға бас сұққан жанды ағаштың иісі мен жұмысқа деген ұқыптылық бірден баурап алады. Мұнда әр бұйым өз орнымен орналасқан. Бір жерде жаңа бесіктің қаңқасы дайындалып жатса, енді бір жерде ұлттық өрнек ойылып, келесі бұйымның соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Әр дүниенің артында төзім мен тынымсыз еңбек жатыр.

Бүгінде шебер ағаштан бесік, сандық, есік, үстел, орындық және басқа да тұрмыстық бұйымдар жасайды. Сонымен қатар тапсырысқа сай ұлттық нақыштағы түрлі ағаш өнімдерін әзірлейді. Әр дүниені үлкен жауапкершілікпен жасап, оның сапасы мен беріктігіне ерекше мән береді.

– Бұл өнер маған әкемнен дарыған. Бала күнімнен ағашпен жұмыс істеуге қызығушылығым ерекше болды. Әкемнің жанында жүріп, ағаш өңдеудің алғашқы қыр-сырын үйрендім. Уақыт өте келе бұл іс өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ағаш өңдеу – үлкен шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет етеді. Бұйымның сапасы алдымен таңдалған ағашқа байланысты. Сондықтан материалды мұқият таңдап, қажет болған жағдайда облыс орталығынан арнайы алдыртамыз. Жасаған дүниеміз ұзақ жылдар пайдаланылуы үшін барынша сапалы етіп жасауға тырысамыз, – дейді Қуаныш Мергенбаев.

Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың ішінде бесік пен қыз жасауына арналған сандықтарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар тойбастарға арналған ағаш кәрзеңкелерді және өзге де тұрмыстық бұйымдарды тапсырыспен дайындайды. Табиғи ағаштан жасалған әр өнім ұлттық нақышымен, әсемдігімен және сапасымен ерекшеленеді.

– Қазақ үшін бесіктің орны ерекше. Бұрын бір бесік бірнеше ұрпаққа қызмет еткен. Сондықтан әр қазақтың шаңырағында бесік болғанын қалаймын. Бесікті негізінен қарағай ағашынан жасаймын. Бұл ағаш жеңіл әрі берік келеді. Тапсырыс берушінің қалауына қарай сыртын әрлеп, бояп та беремін, – дейді шебер.

Қолөнерді заман талабына сай дамытуға ұмтылған Қуаныш Мергенбаев 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,2 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, лазерлік және фрезерлік станок сатып алған. Жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен кәсіпкер өндіріс ауқымын кеңейтіп, бұрын қолмен жасалатын жұмыстарды заманауи технология арқылы сапалы әрі қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік алған.

Бүгінде шебер той табақтары, тойға арналған кәде-сый бұйымдары, телефонға арналған ағаш тұғырлар, құдаларға тағылатын эмблемалар мен ұлттық нақыштағы түрлі кәдесый өнімдерін әзірлейді. Бұл жаңа өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруға және кәсібін одан әрі дамытуға жол ашқан.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында алған жеңілдетілген несие кәсібімізді кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, жаңа өнімдер шығаруды қолға алдық. Алдағы уақытта да жұмыс ауқымын ұлғайтып, ұлттық нақыштағы бұйымдардың түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына және жұмысын кеңейтуіне бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бағдарламаның игілігін көріп, өндірісін жаңғыртқан Қуаныш Мергенбаев бүгінде ұлттық қолөнерді дәріптеп қана қоймай, заман талабына сай өнім шығарып, кәсіпкерлігін дамытуда. Сонымен қатар жас ұрпаққа ағаш өңдеу өнерін үйретіп, ата кәсіптің үзілмей жалғасуына үлес қосуды мақсат етеді.

Ата кәсіпті заман талабымен ұштастырып, ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген Қуаныш Мергенбаев үшін ағаш – жай ғана материал емес, ұлттық мұраның бір бөлшегі. Оның қолынан шыққан әр бұйым – ұқыптылықтың, шеберліктің және қазақы болмыстың көрінісі. Осындай еңбек адамдарының арқасында ұлттық қолөнердің өміршеңдігі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button