Жаңалықтар

ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАНЫМ!

Ұлттық мереке – Республика күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Қыран елім – Қазақстаным!» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында аудан әкімі Сәкен Займолдин жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады. Содан кейін Саралжын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Айбек Шегетаевты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Ардақ Құмаровтың атынан «Қарулы күштер жүйесіне қосқан үлесі үшін» қоғамдық төсбелгісімен марапаттады.

Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген бірқатар азаматқа аудан әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл – ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі.

Мерекелік кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Өнерпаздардың орындауындағы шығармалар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, туған елге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген құрметті дәріптеді.

Республика күні – еліміздің егемендігін айқындайтын, ұлттық бірлігімізді нығайтатын маңызды мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы тарихи қадам болды. Бүгінде бұл күн елдігімізді ұлықтап, өткенімізді бағалауға және болашаққа сеніммен қарауға үндейді.

Мерекелік шара елге деген құрмет пен патриоттық сезімді дәріптеген мазмұнды кеш ретінде қорытындыланды.

Өз тілшіміз

Related Articles

Back to top button