Жаңалықтар

ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ЖЕТКЕН ҚҰНДЫ МҰРА

Әйгілі тары өсіруші, дала академигі Шығанақ Берсиевтің туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Осыған орай Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінде Шығанақ атаның өмірі мен еңбек жолына қатысты тың деректерді анықтау, жинақтау және зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Зерттеу барысында Шығанақ Берсиевтің отбасы мен ұрпақтарына қатысты құнды мәліметтермен қатар, әулеттен қалған қолөнер бұйымдарына да ерекше көңіл бөлінуде.

Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қорында сақтаулы тұрған осындай жәдігердің бірі – желбау. Қазақтың дәстүрлі тұрмысында өзіндік орны бар бұл бұйымнан халқымыздың қолөнер мәдениеті мен әжелердің ісмерлігі анық аңғарылады.

Шығанақ Берсиевтің анасы Шалық әжеміз де қолынан іс келетін шебер жан болған екен. Киіз үйдің ішкі жабдықтарына қажетті алаша, желбау, басқұр секілді бұйымдардың барлығын өзі тоқып, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырған. Бұл өнер әулетте жалғасын тауып, Шығанақ атаның жары Зәру әже мен келіні Ажархан әже де қолөнермен айналысқан. Олар да өз қолдарымен алаша, желбау және түрлі тұрмыстық бұйымдар тоқыған.

Музей қорында сақтаулы тұрған желбаудың тағы бір ерекшелігі – оның Шығанақ атаның жары Зәру әженің қолынан шыққандығында. Зәру әже қой жүнін қызыл, жасыл, сары түстерге бояп, жүнді өзі иіріп, желбауды қолмен тоқып жасаған.

Жәдігер 1960–1965 жылдары ағаш үйдің ішкі көрінісін сәндеуге пайдаланылып, әрі сәндік, әрі тұрмыстық қызмет атқарған. Кейіннен бұл мұра Шығанақ атаның немересі, Шайқының қызы Гүлшара апаның қолында сақталып келген. Ал 2026 жылы отбасылық жәдігер музей қорына тапсырылды.

Бір қарағанда қарапайым ғана желбау болып көрінгенімен, оның бойында тұтас бір әулеттің тарихы жатыр. Әженің маңдай тері мен қол еңбегі, атадан балаға жалғасқан өнер, отбасы құндылығы мен ұлттық қолөнердің өнегесі осы бір жәдігер арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр.

Мұндай құнды дүниелер – өткеннің белгісі ғана емес, ұрпаққа аманат болған рухани мұра. Шығанақ Берсиев әулетінен жеткен бұл желбау да қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, кейінгі буынға ұлттық құндылықты танытатын тарихи жәдігер ретінде музей қорында сақталуда.

Related Articles

Back to top button