АУДАНҒА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ, БІРҚАТАР НАҚТЫ МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ойыл ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен Займолдин Сәкен Ғазизұлы Ойыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Жаңа әкімнің кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Ойыл аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен мақұлданды.

Аудан активімен кездесуде аймақ басшысы Ойылдың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын атап өтіп, ауданның әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталды.
«Ойыл – тарихы терең, ұлттық болмысымыздың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан киелі өлке. Ауданның экономикалық әлеуеті де жоғары. Бүгінде бірқатар негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика бар. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер жеткілікті. Сондықтан ауданның жаңа әкімінің алдында нақты міндеттер тұр. Ең бастысы – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту және ауданның экономикалық мүмкіндіктерін толық пайдалану», – деді Асхат Шахаров.
2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша ауданда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде өсім байқалады. Атап айтқанда, инвестиция көлемінің индексі 107%, ауыл шаруашылығы – 102%, құрылыс жұмыстары – 163,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 102,8%, өнеркәсіп өндірісі 110% құрады.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін арттырумен қатар, қайта өңдеу бағыттарын дамыту міндеті қойылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 133,6 млн теңгеге 10 адам кәсібін бастаған.
Ойыл ауданында ет өнімдерін өндіру және өңдеу, дайын өнімді басқа өңірлерге жеткізу үшін ет кластерін дамытуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта ауданда «Жаңа қадам-2016» мал сою пункті жұмыс істейді. Облыстағы ірі қара малдың шамамен 2%-ы, яғни 38 мың бас мал Ойыл ауданында орналасқан. Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін қайта өңдеу цехтарын дамыту қажеттігі айтылды.
Ауданның облыс орталығынан шалғай орналасуына байланысты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өндірістерді дамытуға басымдық беру қажет. Атап айтқанда, құс, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын кеңейту көзделіп отыр. Қазіргі таңда ауданда бір ғана жылыжай жұмыс істейді.
Тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. 2016 жылдан бастап Ойыл ауылының бас жоспарына сәйкес жаңа құрылыс аумағында 650 жер телімі берілген. Бұл аумаққа осы уақытқа дейін шамамен 320,5 млн теңгеге инженерлік желілер тартылған.
Осыған байланысты аудан әкіміне берілген жер телімдеріне талдау жүргізіп, инженерлік инфрақұрылымды жоспарлау кезінде олардың нақты игерілу деңгейін ескеру тапсырылды.
Облыс әкімі Ойылдың туристік әлеуетін арттыру қажеттігін де атап өтті. Ауданның табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени мұрасы экологиялық және мәдени-тарихи туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
«Ойылдың табиғи және тарихи-мәдени әлеуеті жеткілікті. Бұл мүмкіндікті туризмді дамыту арқылы тиімді пайдалану қажет. Осы бағытта нақты жобаларды қамтитын жол картасын әзірлеп, ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Асхат Шахаров.
Сонымен қатар аудан аумағындағы автомобиль жолдарының сапасы, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Асхат Шахаров бұл жұмыстарды «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
«Ең басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, халықты тұрақты жұмыспен қамту және ауданның даму әлеуетін толық іске асыру. Жүктелген міндеттердің әрқайсысы нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап, белгіленген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді өңір басшысы.
Сәкен Займолдин бұған дейін Ойыл аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелермен жақсы таныс.
«Алдымызда жауапты міндеттер тұр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және халықпен ашық диалог орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз. Облыс басшысы тарапынан жүктелген міндеттерді сапалы орындауға бар күшімізді саламыз», – деді Сәкен Займолдин.
Жиын соңында зейнеткерлікке шығуына байланысты орнынан босатылған ауданның бұрынғы әкімі Асқар Қазыбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтылды, «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Ойыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақытгереев пен «Әділет» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин жаңа әкімге ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Ойыл аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі негізінде Сәкен Ғазизұлы Займолдин Ойыл ауданының әкімі болып тағайындалды.
Сәкен Займолдин 1974 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «Дене тәрбиесі және биология», Мәскеу технологиялық институтын «Менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы Ойыл кәсіптік-техникалық лицейінде бастаған. Әр жылдары Ойыл аграрлық колледжінде, Қараой ауылдық округінің әкімі, 2020-2021 жылдары «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болды.
2021 жылдан осы уақытқа дейін Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы, төрағасы қызметін атқарып келді.



