«ОЙЫЛДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ»
Өткен сәрсенбі күні Ойыл аудандық Жастар ресурстық орталығында үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған көшпелі семинар-тренинг өтті.
«Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» ЗТБ ұйымдастырған кездесудің басты мақсаты – азаматтық сектор өкілдеріне мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік жобаларды дайындау және жүзеге асыру жолдарын түсіндіру.
Семинар барысында мемлекеттік грантқа өтінім берудің тәртібі, әлеуметтік жобаны дұрыс құрастыру, мақсат пен міндеттерді нақты белгілеу, жобаны тиімді басқару мәселелері кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар гранттық қаржыландырудың мүмкіндіктері туралы да мағлұмат алды.
Кездесуде 2027 жылға арналған әлеуметтік жобаларды жоспарлау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы өзгерістер және азаматтық қоғамның даму бағыттары да сөз болды.
Семинар барысында қатысушылар теориялық ақпаратпен қатар, тәжірибелік кеңестер алды. Өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Бұл әсіресе алдағы уақытта әлеуметтік бағыттағы жобаларды әзірлеп, гранттық конкурстарға қатысуды жоспарлаған азаматтар үшін пайдалы болды.
Бүгінде қоғамдағы түрлі мәселелерді шешуге бағытталған жақсы бастамалардың маңызы зор. Ал мұндай бастаманы нақты жобаға айналдырып, оны жүзеге асыру үшін білім мен тәжірибе қажет. Осы тұрғыдан алғанда, семинар азаматтық сектор өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан пайдалы кездесу болды.
Аталған жоба Ақтөбе облысының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында жүзеге асырылуда.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.



