АУДАН ӘКІМІ АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Елдің сөзін сөйлеп, ауылдың ахуалына алаңдап, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген ақсақалдардың орны қашанда бөлек. Аудан әкімі Сәкен Займолдин «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында ауылдың ардақты ақсақалдарымен жүздесіп, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыты жөнінде пікір алмасты.

Тағылымды кездесудің басты мақсаты – ел ағаларымен ашық пікірлесіп, ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салу және елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарды тыңдау.
Жүздесу барысында аудан әкімі аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған бірқатар міндеттерді атап өтті. Ауылдың инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар, абаттандыру, қоғамдық мәселелер және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты жұмыстар жөнінде сөз қозғады.

Өз кезегінде ақсақалдар ауылдағы қордаланған мәселелер мен елді алаңдататын жайттарды ортаға салып, ашық диалог орнатып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді мекендердің тазалығы, жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және билік пен халықтың өзара іс-қимылына қатысты ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп, ел бірлігі мен кейінгі ұрпаққа өнеге көрсету мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында аудан әкімі ел ағаларының әрбір ұсынысына назар аударып, ақсақалдардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін ерекше атап өтті. Үлкендердің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі елдің тұрақты дамуы мен кейінгі буын тәрбиесінде маңызды екенін жеткізді.
Жүздесу соңында Амангелді Жұманов ата ауданның өсіп-өркендеуіне, елдің тыныштығы мен халықтың амандығына ақ батасын берді.
Өз тілшіміз



