«ҚАРИЯЛЫ ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ»
«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қариялы ел – қазыналы ел» атты мерекелік шара өтті.

Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қариясын төрге оздырған. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген дана сөздің мәні де осында. Өмір жолында талай белесті еңсеріп, елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан аға буын өкілдерін құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы.
Мерекелік шараға ауданның ардагерлері мен қазыналы қариялары, қоғамдық өмірге белсенді араласатын аға буын өкілдері қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Саян Сапарұлы қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде аға буынның елдің өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегін атап өтіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін қашанда маңызды екенін жеткізді.
Мерекелік шара барысында бірқатар қарт азаматтарға аудан әкімінің атынан алғыс хаттар табысталып, олардың ел игілігі жолындағы еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны атап өтілді. Кеш барысында қариялар да өздерінің ақ баталарын беріп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Олар осындай тағылымды шараның ұйымдастырылып, аға буынға көрсетіліп отырған құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Қариясын ардақтаған елдің ырысы артып, берекесі еселенері сөзсіз. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және қамқорлық таныту – баршамызға ортақ міндет.



