ӘкімдікБасты тақырып
Мәжіліс депутаты халықтың тілегін тыңдады
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова қысқы каникул кезіндегі жұмыс сапарының бір күнін өткен аптада Ойыл ауданына арнады. Алдымен Саралжын ауылдық округінде тұрғындармен кездесті.
Қазақша ағып тұрған халық қалаулысы еліміздегі заң шығарушы органның өткен жылдың қыркүйек айынан бергі атқарған жұмыстарына шолу жасады. Яғни, осы мерзімде Мәжілістің назарына 83 заң жобасы ұсынылса, оның 50-і талқыланып, толықтырып, Сенатқа жолданды. Оның 40-ын Сенат қуаттап, Елбасының қол қоюына ұсынылыпты. Ауылдағы жаңа клубтағы жүздесуге жиналған жұртшылық көп мәселе көтерген жоқ. Өйткені, жуырда ғана аудан әкімінің есебіне арнайы қатысқан Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлы көп сауалға жауап берді. Сондықтан, сұрақтардың негізі мәселе төңірегінде болды. Яғни, ұстаз, дәрігер мәртебесі туралы, қазақ тілі мәселесі…
«Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Еркін Жиеналин жастарды ауылға тұрақтандыру жайын ұсынса, Аманғали Өмірғали мен ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиев ұлттың болашағы туралы ой қозғады. Әсіресе, ауыл тұрғындарын мемлекеттік тіл мәселесі толғандырады. Өзінің ана тілінде ашық жарқын әңгіме толғаған депутатқа осы мәселеге орай ұсынысын жеткізген Аманғали Өмірғали жаһандану мәселесінде тілдің ролі туралы ойын айтты. Ал, Жәкең ақсақал отандық өнімді қолдаудың алғышарты ауылды қолдаудан басталатынын өмірден өзі өзі түйген тұжырымдарымен түсіндірді. Ауданның бүгінгі басты мәселесі – интернет жылдамдығын аудан басшысы Дастан Жарылқасынұлы жеткізді. Өйткені, бұл ауданның уақыт ағымына ілесуіне көп кедергі болып тұр. Жұмыс сапарын аудан орталығында жалғастырған депутат Ойылдағы білім ордалары мен әлеуметтік нысандардың тынысымен танысты.