Басты тақырып
«Бақытты бала» наурыздың тағы бір тартуы
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Бақытты бала» жобасы Ойыл ауданында да кең ауқымда жүзеге аса бастады. Осы жобаның аясында Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ауданның барлық округтерінен келген 200-ге тарта әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары мен қорғаншылықтағы және дарынды оқушыларға Ойылда арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Алдымен үш ғасырдың куәсі Ойылдағы мешіт пен ашық аспан астындағы музей саналатын қайталанбас сәулет кешені — әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларын аралады. Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұқанов оқушыларға сыры кетсе де, сыны кетпеген ғимараттардың тарихымен таныстырды. Одан кейін оқушылар Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Онда балалар мереке қарсаңында ұйымдастырылған ұлттық спорт ойындарына қатысты. Ал, аудандық мәдениет үйінде балалар шығармашылығына арналған байқауды тамашалады.
Түске дейін Ойыл селосындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, танысқан балаларға Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығында ұлттық дәмдер дастарханы жайылды. Балаларды еліміздің ең басты мерекесі – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева әр балаға арнайы сыйлық табыстады. Ал, ата-аналар мен тың жобаның куәсі болған жастардың атынан сөз алған Алма Ахметова мен Құрман орта мектебінің озат оқушысы Гүлназ Базарбаева мерекелік лебізі мен шынайы алғыстарын жеткізді.