Денсаулық

Қандай мамандар қажет?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мәмбетжанова Ойыл ауданына барып, тұрғындарды қабылдады.

Аудандық ауруханада өткен жиынға аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева қатысты. Алдымен аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек  Нұрбаевтың есебі тыңдалды. Аудан бойынша алты дәрігерлік амбулатория, он бес медициналық пункт, бір аудандық аурухана және отыз дәрігер халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Жыл сайын ауданға жас мамандар келсе де акушер-гинеколог, хирург секілді мамандар тапшы. Жиында осы және өзге де мәселелерді айтқан бас дәрігер алдағы міндеттерге тоқталды. Материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстарына көңіл бөлінетінін айтты.

Бас дәрігердің есебін тыңдаған Гүлнар Мәмбетжанова ауданда бір жасқа дейінгі бала өлімінің азаюы, медициналық мемлекеттік қызметтердің ақпараттық жүйе арқылы орындалу деңгейінің жоғарылауы секілді атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ маман тапшылығы және дәрігерлердің санаттылықтарын әлі де арттыру, мектеп оқушылары арасында профориентациялық жұмыстар жүргізу, ана мен бала өлімінің алдын алу, тұрғындар тарапынан  түскен шағымдармен жұмыс істеу және өзге де мәселелерге байланысты  нақты тапсырмалар берді. Жиын соңында аудан дәрігерлері сұрақтар қойды.

Сондай-ақ бұл күні Гүлнар Мәмбетжанова аудан тұрғындарын қабылдады. Әртүрлі мәселемен келген азаматтар сұрақтарына толық жауап алды. Бірінің мәселесі сол жерде шешімін тапса, енді біріне жолдамалар берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Басқа жаңалықтар