Басты тақырыпЭкономика

ҚАҢТАР АУЫП БАРАДЫ ОРТАСЫНАН…

Халықтың жадында қаңтар айы қаһарлы аязымен есте қалған. Бірақ, биылғы қаңтар мүлдем бөлек. Шыбынсыз жаз. Ауылдық жерлерде мал әлі қолға тұрған жоқ. Ауа-райын болжаушыларға сүйенсек, осы аптаның ортасында циклон өтеді. Ауа температурасы 25 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Біздің өңір үшін бұл температура «трагедия» емес... Синоптиктер ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, ақпан айы да аса қатал мінез көрсетпейді.

Бірақ, тылсымы терең табиғатқа сенуге де болмайды. Бізді ойылдықтарды алаңдататыны көктемгі көлік қатынасы. Өйткені, Ойыл өзені үстіндегі көпір біздің аудан үшін нағыз стратегиялық нысан. Яғни, Ойылдың күретамыры. Сондықтан оның сапалы әрі уақытында аяқталуы – баршамыз үшін аса маңызды. Құрылысы кешеуілдеп, жұмысы көңілді көншітпей отырған көпірдің көктемге дейін бітпесіне көзіміз жетті. Оны жуырда кездескенімізде мердігерлер де мойындады. Осыған дейін бірнеше мәрте Наурыз айында көпірдің үстінен уақытша өтуге мүмкіндік жасаймыз деп сендіріп келді…
Өткен аптада «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау тобы өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен Ойыл өзеніндегі ауданның бас көпірінің құрылыс жұмыстарына мониторинг жасады. Мониторинг барысында құрылыс алаңында Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр мен Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбеков болды. Мониторинг барысында мердігер компания «ТенгизСтройСервисГрупп» ЖШС бас директорының орынбасары Андрей Афанасьев биылғы көктемгі су тасқынына дейін көпірдің құрылысы аяқталмайтынын ашып айтты. Сондай-ақ, мониторинг барысында құрылыс жұмыстарының сапасы, атқарылу мерзімі және тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар талқыланды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері осыған қатысты жауапты өкілдерден нақты ақпарат алды. Көпір құрылысын жүргізуді «ТенгизСтройСервисГрупп» ЖШС өз міндетіне алған. Бұл жобаға 4,073 млрд теңге көлемінде бастапқы қаражат қарастырылып отыр.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар