СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ СЫН САҒАТТЫҢ «САБАҒЫ»
Көктем мезгілінің жақындауына байланысты Ақтөбе облысында және ауданымызда су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Табиғи апаттың қаупін азайту мақсатында аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті тұрғындар жүйелі шараларды іске асыруда.

Ойыл ауданында су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Су өткізу жүйелері жөнделіп, инженерлік инфрақұрылым нығайтылып, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі тексерілуде.
Төтенше жағдайлар бөлімі су тасқыны қаупі бар ауылдарда тәулік бойы бақылау жүргізіп, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етуге дайындықтарын пысықтауда. Апат кезінде халықты эвакуациялау үшін арнайы орындар белгіленіп, тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов су тасқынына дайындық барысын тексеріп, тиісті мекемелерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барынша қамдану.
«Көктем-2025» оқу-жаттығу барысында су тасқыны жағдайында шұғыл әрекет ету, халықты қауіпсіз жерге көшіру және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді. Жаттығу барысында төтенше жағдай қызметкерлері құтқару операцияларын жүзеге асырып, арнайы техниканың дайындығын тексерді.
Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен жол қызметтерінің көктемгі жағдайға әзірлігі қадағаланды. Азаматтық қорғау қызметтері түрлі сценарийлер бойынша тексерістер жүргізіп, апат кезінде шұғыл көмек көрсету алгоритмін жетілдірді.
Ойыл ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Төтенше жағдайлар қызметі мен аудан әкімдігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшін салуда.
Жергілікті билік су тасқыны қаупіне байланысты тұрғындарға әрдайым сақтық шараларын ескеруді, қажетті заттарды дайындап қоюды және ресми органдардың нұсқауларын орындауды ұсынды.
Ойыл ауданының билігі су тасқынына толық дайынбыз деп сендіріп отыр, алайда табиғаттың тосын мінезіне әрдайым дайын болу маңызды.