АУДАНДА «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ
Қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында Ойыл ауданында «Қазақ Аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының кабинеті ашылды.

Бұл бастама қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлін нығайтуға, ұлттық тәрбиені насихаттауға және қазақы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған.
Аталған бірлестіктің негізгі мақсаты – қазақ әйел-аналарын ұлттық рухта тәрбиелеп, салт-дәстүрлерді дәріптеу. Сонымен қатар, ана тіліміз бен мәдениетімізді сақтап, жас ұрпаққа аманат ету маңызды рөл атқарады. Бірлестік ұлттық киім – кимешек пен жаулықтың маңызын түсіндіріп, отбасы құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөледі.
Одан бөлек, ұйым отбасының тірегі – ер-азаматтың қадірін арттыру, ұл мен қыз тәрбиесін ұлттық негізде жүйелеу мәселесіне де баса назар аударады.
Қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, жастарды өз тарихын, мәдениетін терең білуге шақыру – бірлестіктің негізгі міндеттерінің бірі.
Ойыл ауданында бұл игі істің бастау алуы – ұлттық руханиятымыздың жандануына, қазақ әйелдерінің отбасы мен қоғамдағы рөлінің артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бірлестіктің аудандық филиалын басқару міндеті Зоя Дауылбаеваға жүктелді.
Шараға Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Жұлдызай Темірова, Ойыл аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Сукашева, аналар кеңесінің төрайымы Айсұлу Мәмбетова және ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев қатысты. Қатысушылар жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтіп, ұлттық тәрбиені жаңғыртудағы рөлін жоғары бағалады.
Осындай игі бастамалардың жүзеге асуы қазақ қоғамының бірлігі мен берекесін нығайтып қана қоймай, ұлттық рухты жаңғыртуға, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтауға зор үлес қоспақ.