МәдениетРухани жаңғыруЭкономика

Іскер әйел – ел мерейі

Әйел – отбасының берекесі, қоғамның ұйытқысы ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қосатын маңызды тұлға. Бүгінде кәсіпкерлік саласында табысқа жеткен әйелдердің қатары артып, олардың еңбегі қоғамның әр саласында өз жемісін беруде.

Осы орайда, көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай ауданымызда «Іскер әйел – ел мерейі» атты мерекелік шара өтті.
Бұл іс-шара кәсіпкерлікпен айналысып, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген нәзік жандыларды қолдау мен марапаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған аудан басшылығы, табысты кәсіпкер әйелдер және қонақтар қатысты.
Мерекелік жиынның шымылдығы әсем әнмен ашылып, жүргізушілер көпшілікті айтулы мейраммен құттықтады. Әйелдер қауымы бүгінде тек отбасылық ошақтың сақтаушысы ғана емес, сонымен қатар, түрлі салаларда еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Кәсіпкер әйелдер – ел экономикасын дамытуға, шағын және орта бизнестің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген маңызды тұлғалар.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы сөз алып, кәсіпкер әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
Әкім көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен аудан тұрғындарына көмек көрсеткен кәсіпкер әйелдердің еңбегін айрықша бағалап, марапаттар табыс етті. Аудан әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбеков кәсіпкер әйелдерге жылы лебізін білдіріп, олардың бизнесте ғана емес, қайырымдылық шараларында да белсенділік танытып жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, ол шағын және орта бизнестің дамуы ауданның әл-ауқатының артуына тікелей әсер ететінін және бұл бағытта әйелдердің рөлі зор екенін айтты.
Мереке аясында кәсіпкерлік саласының дамуына зор үлес қосқан бірқатар жеке кәсіпкерлер марапатталды.
Мерекелік кеш барысында нәзік жандыларға құрмет көрсетіліп, оларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Жиналған қауымға «Аяулы ана», «Қыздар-ай», «Жақсы адамдар» сынды әсем әндер тарту етіліп, мерекелік атмосфера ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара соңында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Абат Мүбараков кәсіпкер әйелдерді төл мерекелерімен құттықтап, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Сонымен қатар, эвакуациялық пунктте бес ай бойы үздіксіз қызмет еткен Гүлшат Аққонысова еңбегі ерекше атап өтіліп, марапатталды.
Бүгінде әйел кәсіпкерлер тек бизнесте ғана емес, қайырымдылық пен қоғамға қызмет етуде де белсенділік танытып келеді.
Олардың еңбегі зор құрметке лайық. «Іскер әйел – ел мерейі» атты мерекелік шара нәзік жандыларға деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісі болды.
Бұл күні ауданымыздың кәсіпкер әйелдері тағы бір мәрте өздерінің тек отбасы ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосушы тұлғалар екенін дәлелдеді. Осындай шаралар олардың еңбегін бағалауға және қолдауға бағытталған маңызды қадам болып қала бермек.

Related Articles

Back to top button