Ана мен бала құқығы қорғалады

Серік ШАҢҒҰТОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген мәселелері еліміздің болашағына маңызды бағыттар сілтеді. Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығына дейін қандай жетістіктерге жетуіміз керектігі айтылды. Мемлекет басшысы, алдымен, еліміздің дамуындағы басты тұстарымызды айқындап, оларды күшейту жолдарын белгіледі. Цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика және агроөнеркәсіп кешені сияқты салалар Қазақстанның болашақтағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мен ықпалын арттыруда маңызды рөл атқаратына сенім білдірді.
Президент айтқан тағы бір маңызды мәселе – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау болды. Өткен құрылтайларда да бұл тақырып үнемі көтеріліп, тиісті шешімдер қабылданатын. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық іс деп тану туралы заңнамалық өзгеріс енгізілген еді. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әкімшілік құқықбұзушылық болып саналса, қазір бұл қылмыстық іс болып есептеледі. Бұл шешім әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жолындағы маңызды қадам болды. Осыған сәйкес кешегі құрылтайда да Президент адамгершілік құндылықтарды басшылыққа ала отырып, «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңнамалық ұстанымдарды қайта қарауды тапсырды. Бұл қадам, әрине, еліміздегі әлеуметтік әділеттілік пен адамның қадір-қасиетін сақтауға бағытталған өте маңызды шешім.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – жастарды тәрбиелеу және қоғамдық тәртіпті сақтау болды. Президенттің жастарға қатысты ұстанымы, сондай-ақ буллингке қатысты заңнамалық түзетулер, қоғамда жастардың дұрыс мінез-құлық қалыптастыру үшін қажет қадамдар жасалу керектігін, жат діни ағымның жетегіне еруден сақтанудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Жастар – елдің болашағы, сондықтан олардың тәрбиесіне және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған шешімдер әрдайым өзекті болуға тиіс.
Бурабайда өтіп жатқан құрылтайдың кезекті отырысы осы тұрғыдан еліміздің алдағы уақытта дамуы мен азаматтардың құқықтарының қорғалуы жолындағы маңызды қадамдарды айқындады.
Біз, облыстық ардагерлер ұйымы, осы құрылтайда көтерілген әрбір мәселені қолдай отырып, өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығына дейін еліміздің дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жастарға дұрыс тәрбие беру жолында бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.