Президент қазақстандықтардың ұлттық арман-мұратын атады

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға ортақ арман-мұрат болуға тиіс құндылықтарды атады.
– Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң және тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, мемлекеттің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты.
– Сіздер Ұлттық құрылтай аясында көптеген бастама көтеріп, игі істерге ұйытқы болып жүрсіздер. Отаншыл азаматтардың арқасында еліміз тұрақты дамып келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін біршама өзекті мәселелер талқыға түсті. Алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.