Экономика

Ақтөбеде алты жылда 40 мектеп салынды

Бұлбұл КҮЗЕМБАЕВА,

облыстық білім басқармасының басшысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алған алты жыл ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Елімізде соңғы алты жылда білім беру саласында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюға, білім сапасын жақсартуға, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған іргелі істер атқарылды.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің мақаласындағы деректерге сүйенсек, алты жылда елімізде 1 367 балабақша ашылып, кезекте тұрғандардың санын 5 есеге қысқартуға қол жеткізілген. 2019 жылдан бері елімізде рекордтық көлемде — 1 200 мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылды. Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады.

Ақтөбе облысының білім беру саласында жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, білім сапасын арттыру мақсатында заманауи әдістер енгізіліп келеді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, оқушыларға жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік жасалып жатыр. Соңғы алты жылда облыста 15 379 орындық 175 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. Мектепке дейінгі жаңа ұйымдардың ашылуы осы жастағы балалардың сапалы білімге қолжетімділігін арттырды. Балабақша кезегінде тұрған 0-6 жас аралығындағы балалардың қатары 30 пайызға азайды.

2019 жылдан бері облыста 40 мектеп салынып, 17 мыңға жуық оқушы орны ашылды. Ауылдық жерлердегі 282  мектеп жаңғыртылды. Бұл төрт апатты жағдайдағы және 18 үш ауысымдық мектептің мәселесін, сондай-ақ 15 мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта 13 630 орынға арналған 28 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 3 090 орынға арналған 12 мектеп — жергілікті бюджет есебінен, 9 100 орынға арналған 12 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Сонымен бірге 3 620 орынға арналған 2 мектеп жеке инвесторлардың қаржысы есебінен (Ақтөбе қаласындағы №11 шағын аудан — 1000 орынға, Ырғыз ауданы Сарыоба ауылында 60 орындық мектеп жеке инвестордан сатып алуға жоспарланған) және 380 орынға арналған 2 мектеп арнайы резерв есебінен салынып жатыр. Жыл аяғына дейін 24 мектепті іске қосу жоспарланып отыр, қалған 4 мектептің құрылысы келесі жылы да жалғастырылады.

Облысымызда 40 техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым (оның 24-і — мемлекеттік және 16-сы — жекеменшік) бар, оның 28-інде жұмысшы мамандары даярлананады. Бұл білім беру ұйымдарында 28133 адам оқып жатыр. Кадрларды даярлау 94 мамандық пен 139 біліктілік бойынша жүргізіледі.

Ағымдағы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс негізінде 7654 орын бөлінді. Былтыр 6932 орын бөлінген болатын. Бұл мемлекеттік тапсырыстың жыл сайын өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, техникалық мамандықтар, білім, медицина, ІТ,  ауыл шаруашылығы саласына бөлінген орын саны артты.

Колледждерде инфрақұрылымды дамыту мен түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру мақсатында 24 мемлекеттік колледждің 23-ін 25 кәсіпорын  шефтік қамқорлыққа алып, бірлесіп жұмыс  жүргізіп жатыр (бір колледж қылмыстық атқару жүйесі жанындағы мекеме болғандықтан келісімшарт жасалмады). Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Былтыр колледж оқушыларының стипендиясы 50 пайызға өсті. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 20300 студент білім алады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 10 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық базасы жаңартылатын болады.

Related Articles

Back to top button