Облыс әкімі абайтанушылармен кездесті: Абайдың мұрасы – қоғамдағы достық пен бірліктің негізі

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс әкімі Асхат Шахаров абайтанушылармен кездесті. Шараға жиналған еліміздің жетекші ғалымдары, педагогтар мен Абай оқуларының жеңімпаздары Абайдың рухани мұрасы мен оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында Асхат Шахаров Абай шығармашылығы – тек мәдени мұра ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісім, рухани тәрбие мен бейбіт өмірдің берік іргетасы екенін атап өтті.
« Абайдың сөздері гуманизмге, өзара сыйластық пен білімге ұмтылуға толы. Бұл – жастардың бойында бірлікке, түрлі мәдениеттерге құрметпен қарауға және бейбіт өмірге деген ұмтылысты қалыптастыратын құндылықтар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың мұрасын терең зерттеудің маңыздылығын орынды атап өтті. Бұл – еліміздің нағыз азаматын, патриотын тәрбиелеудің жолы», – деді аймақ басшысы.
Ол абайтанушыларға ұлттық сана-сезімді нығайтуға, диалог мәдениетін дамытуға және жастарды өзара құрмет, көршілік пен достық рухында тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Кездесу барысында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Алтай Тайжанов, Айтқалиев атындағы атаулы мектептің және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Қонтай, Тоқмансай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Ескелдина сөз сөйлеп, Абайдың бүгінгі қоғамдағы рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі жайлы ой бөлісті. Қатысушылар Абайдың идеялары ұрпақтар мен мәдениеттер арасын жалғайтын рухани көпір екенін атап өтті.
Кездесуде облыс әкімі Алтай Тайжанов, Қуаныш Қонтай, Диана Ескелдина, Юрий Гончаров, Илмира Аймағанбетова және басқа да абайтанушылар мен мәдениет қайраткерлеріне алғыс хаттар табыстады.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын Абай есімді балалар таныстырылған сәт шараға ерекше рең берді. Облыс әкімі бұл ұрпақтар сабақтастығының жарқын белгісі екенін атап өтті.
«Абай есімін иелену – үлкен құрмет қана емес, зор жауапкершілік. Бұл есім бәрімізді бейбіт әрі достық қарым қатынастағы қоғамды қалыптастыруға көмектесетін рухани құндылық айналасында біріктіреді. Осы балалар ұлы ақынға лайықты азамат болып өссін деген тілегім бар», – деді Асхат Шахаров.
Кездесу Абай мұрасының тәрбиелеу, білім беру және қоғамдық келісімді нығайтудағы бағыт-бағдар ретіндегі рөлін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырудың маңызын ерекше атап өтті:
«Абай мұрасы – жай ғана мәдени қазына емес, ол – бейбітшілік, әділет және достықтың нағыз ережесі. Оның даусы мектептерде, кітаптарда, жастардың жүрегінде естілуі тиіс. Сонда ғана біз келер ұрпаққа бірлік пен түсіністіктің рухын жеткізе аламыз», – деп түйіндеді Асхат Шахаров.