Экономика

Президент: «Егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы келесі жылғы егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бастан қолға алу маңызды деп санайды.

– Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтып, мол табыс табуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп санайды. Әртүрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет екенін ескерсек, мұндай орындардың тапшылығы байқалады.

– Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екені анық. Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға баса назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отандық нарықты өзімізде шығарылған тұқыммен қамтамасыз етудің нақты қадамдары керек. Былтырдан бастап жетілдірілген минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұқым өндірісі бойынша мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын енгізу міндеті тұр. Жалпы, егін шаруашылығында жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді атап өткен дұрыс. Бұл ауыл шаруашылығының аралас салаларына оң әсер етіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Related Articles

Back to top button