Экономика

Еліміздің өз бағыты, өз жолы бар

Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатына эмоцияны ысырып қойып, айтылған ойларға салқынқандылықпен талдау жасасақ, алдымызда айқын бір стратегиялық прагматизм тұрғанын көреміз.

 

Еліміздің өз бағыты, өз жолы бар

Сурет: mnu.kz

Сұхбат бірнеше іргелі тұжырымды айқындаған секілді. Алғашқысы – көшбасшылық пен менеджмент. Питер Друкердің «Менеджмент – істі дұрыс істеу, ал көшбасшылық – дұрыс істі істеу» деген сөзі бар. Президент дәл осы көшбасшылықты көрсетіп отыр.

Саясаткерлер «лайк» қуып, сайлау­шының көңіліне қарап жалтақтайтын жаһандық популизм дәуірінде ол «дұрыс істі істеу» (Doing the right thing) жолын таңдап жатыр. Тіпті ол шешімдер уақытша қолайсыз көрінсе де. Ол «мемлекет маған қарыз, бәрін мемлекет шешуге тиіс» деген инфантильді көзқарасты емес, жауапты серіктестік моделін ұсынады.

Екінші, мемлекеттегі ахуалға қатыс­ты Президент артық пессимизмге де, даңғаза оптимизмге де ұрынбай, байсалды әрі шынайы көзқарас білдірді. Метафорамен айтсақ, біздің экономика сырттай зәулім сарайға ұқсайды (ІЖӨ өсіп жатыр, көрсеткіштер жақсы), бірақ ішкі инженерлік жүйелері күрделі жөндеуді қажет ететін үй секілді. Президент әдемі қасбеттің ар жағындағы проблемаларды ашық айтуға дайын басшы ретінде көрінді: инфляцияны тежеу, логистиканы дамыту, жүйелік реформалар – мұның бәрі сол «үйдің» құламай, берік тұруы үшін қажет.

Үшінші, «Анти-Гэтсби» көз­қарасы. Сұхбаттың ең терең қабаты – құндылықтар мәселесі. Модернизация – Батыстың инс­титуттары мен идеяларын меха­­­никалық көшіру емес. Бұл – заманауи құндылықтарды өз мәдени кодымызға сіңіру үдерісі. Мемлекет басшысы әлеуметтік үдерістерді терең түсінетінін көрсетті. Батыстың серпілісі кездейсоқ пайда болған жоқ – оны еңбек этикасы мен қарапайымдылықты дәріптеген реформация, білім мен ғылымды культке айналдырған ағарту­шылық, жекеменшік пен құқық үстемдігін орнықтырған жүйе қалып­тас­тырды. Шығыстың да өз жолы бар: конфуцийлік этика, тәртіп, меритократия, білім культі мен қоғам алдындағы жауапкершілік.

Біздің модернизация – солардың соқыр көшірмесі емес, заң, білім, технология, еңбекқорлық пен этиканы ұлттық болмысымызға үйлестіру. Президент «даңғойлық» пен ренталық өмір салтына қарсы Еңбек пен Білім культін ұсынады. Бұл – «көрінуге» емес, «болуға» үндейтін философия.

Төртінші, жалған мүгедектер мен «аграрлық олигархтар» туралы айтылған ойлар да өте маңызды. Президент шенеуніктерді ғана емес, мемлекетті алдауға дағдыланғандарды да сынға алды. Бұл – «билік үнемі кінәлі, ал қарапайым адам әрдайым мінсіз» деген жалған шаблоннан бас тарту. Нағыз әлеуметтік әділеттілік – көмекті схемамен иеленетіндерге емес, шынымен мұқтаж жандарға беру.

Бесінші, жасанды интеллект – стратегиялық таңдау. 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жария­лау – елді «орташа табыс тұзағынан» және шикізатқа тәуелділіктен шыға­ру­ға бағытталған маңызды қадам. Президент NVIDIA басшысының «көк жейделілер» туралы сөзін бекерге келтірген жоқ: болашақта код пен құралдың, жұмысшы мамандардың маңызы тең болатынын жақсы түсінеді. Жұмысшы мамандықтарына басымдық беру, жаңа марапаттар, Жұмысшы мамандықтар жылы – бәрі бір жүйелі стратегияның бөлігі.

Сондай-ақ Сталин мен Троцкий мысалы – сәттік конъюнктураға жасалған ащы ишара. Президент «лайк» пен трендтің тарихта қал­май­тынын жақсы түсінеді. Тарих шуды емес, нәтижені сақтайды. Бұл дискурстың құбылмалылығын түсінуін және тарихи ойлаудың ма­ңыздылығын көрсетеді. Заң мен тәртіп, тазалық (соның ішінде мен­­­­таль­ді гигиена мен рухани даму), ағартушылық – бұл кейін ел дамуына қуатты серпін беру үшін қысылып тұрған серіппе іспетті.

Модернизацияның дайын рецепті жоқ, әр елдің өз бағыты, өз жолы бар. Бұл сұхбат бізге сол картаны түсінуге жақсы мүмкіндік береді. Бұл – ересек адамдарға арналған «ересек мемлекеттің» ұстанымы. Ал ересектерде, құр ғажайыпқа сенудің орнына жоспар және оны жүзеге асыратын ерік-жігер болады.

 

Асхат Аймағамбетов,

Мәжіліс депутаты

Related Articles

Back to top button