ОЙЫЛДА КӨНЕ ҚЫШ ӨНЕРІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ
«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы кеше тарихтың тынысын сездірген үлкен көрменің ордасына айналды. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы қыш-құмыра жасау кәсібі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылып, шеберлік сағаты өткізілді.

Бұл күні мәдениет ошағының төріне жиналған жұртшылықты көне дәуірдің құнды жәдігерлері қарсы алды. Қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейін қолдан жасалған қыш бұйымдар — ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен мол сыр шертетін тарихи мұра. Сөрелерде тұрған әрбір құмыра, әрбір ыдыс – тек тұрмыстық зат емес, сол дәуірдегі мәдениет пен өмір салтының айнасы. Ең алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев мұндай шаралардың маңызы зор екенін айрықша атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұханов өз сөзінде бұл көрменің бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге екенін атап өтіп, Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті. Көрмеге келген ауыл тұрғындары жәдігерлерді ерекше қызығушылықпен тамашалады. Үлкендер өткен тарихқа құрметпен көз жүгіртсе, балалар қыштан жасалған ыдыстардың пішіні мен өрнегіне таңғалды. Жергілікті ұстаздар бұл шараның жас ұрпақ үшін үлкен сабақ екенін атап өтті. Көрменің ең қызықты бөлігі – қыш шебері, Қазақстан Республикасының Қолөнершілер одағының мүшесі Орынбасар Төлегенов өткізген шеберлік сағаты болды. Шеберлік сағатында қышты илеп, қалыпқа келтірудің, өрнек түсірудің қыр-сырлары барынша қарапайым әрі түсінікті тілде көрсетілді.
Балалар үшін шеберлік сағаты нағыз қызыққа айналды. Шебердің шақыруымен сахнаға шыққан оқушылар қышты қолмен ұстап, аз да болса өнерге қадам жасап көрді. Олардың жүзіндегі қуаныш пен таңданыс көпшіліктің көңілін көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылжымалы көрме тек Ойылда ғана емес, облыстың басқа аудандарында да жалғасын табады. Бұл – жас ұрпақты тарихқа қызықтырудың, ұлттық өнерді көзбен көрсету арқылы насихаттаудың ең тиімді жолы.
Көрме соңында ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың жиі өткізіліп тұруын тіледі.
P.S ҚЫШТАН ЖАСАЛҒАН ӘРБІР БҰЙЫМ – УАҚЫТТЫҢ ҮНСІЗ КУӘГЕРІ. БҮГІНГІ КӨРМЕ СОЛ ҮНДІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫП, ТАРИХ ПЕН ДӘСТҮРДІҢ БОЛАШАҚҚА ЖЕТУІНЕ ДӘНЕКЕР БОЛДЫ.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.