МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТЫҢ ЖЕМІСІ — ӘСЕМНІҢ ТЫҢ БАСТАМАСЫ
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі қолдаулардың арқасында ауыл-аймақта жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Осындай игі бастаманың бірін Ойыл ауданының тұрғыны, кәсіпкер Әсем Табынбаева жүзеге асырып отыр.

Әсем ханым мемлекеттен ерекше статустағы жандарға берілетін қайтарымсыз грант туралы естіп, бағымды сынап көрейін деген ниетпен жұмыспен қамту бөліміне жүгінген. Мамандардың нұсқаулығы бойынша барлық құжаттарын тапсырып, мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген 400 АЕК көлеміндегі грантқа ие болған. Осылайша ауданымызда бұрын-соңды болмаған істі — брусчатка өндіруді қолға алуға мүмкіндік алған.
— «Қайда жүрсем де, туған жерімнің дамуына үлес қоссам деп ойлайтынмын. Соңғы жылдары ауданымызда абаттандыру жұмыстары қарқын алып келеді. Әр ауылда көшелерге брусчатка төселіп, алаңдар жаңарып жатыр. Осындай кезде неге өзіміздің ауданнан сапалы өнім өндірмеске деген ой келді. Ал, аудандық кәсіпкерлік палатасының кеңесі — сол ойымды іске асыруға мүмкіндік берді. Грант қолыма тиген соң, өз ауламнан шағын цех аштым. Жолдасым екеуміз бұл істі отбасылық кәсіп ретінде дамытып жатырмыз. Брусчатка өндіру — мен үшін де, аудан тұрғындары үшін де тиімді іс. Себебі, ауданымызда мұндай өндіріс болған жоқ», – дейді кәсіпкер.
Жаңа цех шілденің 23-інен бастап жұмысын бастады. Алғашқы тапсырыстарды кәсіпкер WhatsApp желісі арқылы аудандық және ауылдық топтарға жарнама жасау арқылы қабылдаған. Қазіргі таңда тұрғындардан сұраныс күн санап артып, сапалы, әрі қолжетімді өнімге қызығушылық танытып отыр.
Цехта шығарылып жатқан өнім түрі де көңіл қуантады. Өнімнің сапасы жоғары, ауа райына төзімді, мұнда брусчатканың бірнеше үлгісі дайындалады: классикалық төртбұрышты, өрнекті және тас пішіндес, әртүрлі түстерде – сұры, қызыл, сары және басқа да реңктерде.
Бұл әр тапсырыс берушінің талғамына қарай ауланы немесе көшені қалағанындай сәндеуге мүмкіндік береді.
— «Сұранысқа қарай әртүрлі формада жасап шығарамыз. Біреулерге классикалық төртбұрыш ыңғайлы болса, енді біреулер әдемі өрнекті немесе түрлі түсті үлгілерді таңдайды. Біз қолымыздан келгенше халықтың талғамына сай етіп беруге тырысамыз», — дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда цех негізінен жергілікті тұрғындардың тапсырыстарын орындап жатыр. Әсем Төремұратқызының жоспары мұнымен шектелмейді. Ол алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа қондырғылар алуды, өнім түрін көбейтуді көздеп отыр. Мәселен, сәндік тас, жиектастар (бордюр) және басқа да құрылысқа қажетті өнімдер шығару жоспарда бар.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар аудан экономикасына серпін беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосады.
Өйткені, әрбір ашылған жаңа кәсіп — жаңа жұмыс орны, жаңа мүмкіндік деген сөз.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қолдаудың арқасында бір отбасы өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдастары үшін жұмыс көзіне айналдырып отыр.
Әсем Төремұратқызының бастамасы — жас кәсіпкерлерге үлгі боларлық іс.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.