Экономика

Экономикалық теңсіздікті еңсеру міндеті

Реформа – дамудың алғышарты. Тарихтан белгілі, түбінде тиімді болатынына қарамастан, кез келген өзгеріс бастапқыда оңай қабылданбайды. Дегенмен ел мүддесі үшін маңызды шешімдер қажет. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында экономиканы ілгерілетуде нақты қадамдар жасалатынын әрі бұл жолда жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті.

Экономикалық теңсіздікті еңсеру міндеті

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

«Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елі­мізді бақуатты, тіпті бай мемлекет деп атау­ға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қара­мастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақ­талып отыр. Оның бәрін шұғыл рет­­теп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағ­­дай­ды бі­леміз, оны жұрттан жасыратын ойы­­мыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мем­­лекет басы­нан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мә­се­лесін міндетті түрде шешеміз. Нақ­ты жо­с­пары­мыз бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сұхбатта тоқ­тал­ған жайттарға үңілейік. Әуелі, инфляция деңгейі өзекті мәселе болып отыр. Пре­­зиденттің айтуынша, инфляцияны өршітетін негізгі себептердің бірі – бюджет қаржысын орынсыз жұмсау. Сондықтан мемлекет енді ақшаны кез келген жобаға бөле бермейді. Қаражат тек шын мәнінде қажет салаларға бағытталуы керек. Осы үшін қатаң бюджеттік тәртіп енгізіліп отыр. Халыққа салмақ түспеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру уақытша тоқ­та­тылды. Сонымен қатар Үкімет, Ұлт­тық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірігіп, 3 жылға арналған инфляцияны төмендету бағдарламасын қабылдады. Мақсат – бағаны ұстап тұру әрі азаматтардың тұрмысын қорғау.

Президент елдегі экономикалық тең­сіздік туралы да ашық айтты. Көп адам табыс тауып жүр. Бірақ ол ақша инфляцияға, ипотекаға, балалардың оқуына, күнделікті шығындарға кетіп қалады. Адам ауырып қалса немесе жұмысынан айырылса, отбасының жағдайы бірден қиындайды. Осыны ескеріп, мемлекет бұрын зейнетақы жинағын баспана, оқу, емделуге пай­далануға рұқсат берді. Алайда бұл мүм­кіндікті алаяқтар пайдаланып кет­кен. «Медициналық қызмет» деген желеумен 200 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз шешілген. Сондықтан кейбір бағыттарға тыйым салуға тура келді.

Бизнес те қиын жағдайда. Кәсіп­кер­лер жұмыс орындарын ашып отыр, салық төлейді. Бірақ несие пайызының жоғары болуы мен айналым қаражатының жетіспеуі олардың дамуын тежеп тұр. Бұл мәселе де мемлекет назарында.

с

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Ерлан Каримовтің айтуынша, еліміз бірнеше стратегиялық сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Эко­но­миканы әртараптандыру баяу­­лады. Көрші елдер тарапынан бәсекелестік күшейді. Инфра­құ­ры­­лым тозып жатыр. Энергия тап­­шылығы сезіле бас­тады. Ал су мәселесі болашақта бұдан да күрделі болмақ.

«Елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін басты қауіп – импорттың өсуі. Ресеймен саудадағы теріс сальдо 8,5 млрд доллардан асты. Азық тү­лік импорты 3,2 млрд доллардан жоғары. Бұл отандық өнімді нарықтан ығыстырып жатыр. Өңдеу саласына 10 жылға дейін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру керек. Ет сүт, май, тоң май бағыттарына ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Шикізатты өңдеуге тапсырғаны үшін субсидия көлемін арттыру қажет. Сонда ғана зауыттар толық жүктемемен жұмыс істейді, ал бұл азық түлік қауіпсіздігін күшейтеді. Солтүстік және шекаралас аймақтардағы үйлердің 60 пайыздан астамы 1991 жылға дейін салынған. Банктер 50 жылдан асқан үйлерді кепілге алмайды. Соның салдарынан ипотека қолжетімсіз болып отыр, ал бұл еңбек ресурстарының қозғалысын тежейді. Отбасы банк пен Қазақстан халқына қоры қатысатын арнайы бағдарлама қажет. Солтүстік өңірлерге жеке лимит белгілеу керек. Жылдық мөлшерлеме 4 пен 5 пайыз аралығында болуға тиіс. Жастар мен бюд­­жеттік сала қызметкерлеріне бас­тапқы жарнаны субсидиялау маңызды. Сонымен қатар құрылыс ком­панияларын энергия үнемдейтін үйлер салуға ынталандыру қажет», деп түсіндірді сарапшы.

Тағы бір маңызды мәселе энер­гияға қатысты. Сарапшының айтуынша, 2030 жылға қарай елдегі электр энергиясына сұраныс 141 млрд кВт сағатқа жетеді. Қазіргі өндірістің 80 пайызы көмір мен газға тәуелді. Ал электр желілерінің тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары. Батыс өңірлерде апат жиі болып жатыр. Резервтік қуат жеткіліксіз. Осы жағдайда шағын модульдік атом электр стансаларын дамыту қажет.

«Еліміз уран өндіру бойынша әлем­де көшбасшылар қатарында. Үле­сіміз шамамен 40 пайыз. Бірақ өз атом гене­рациямыз жоқ. Қуаты 300 МВт-қа дейінгі шағын модульдік реак­тор­лар қауіпсіз әрі тиімді. Канада, АҚШ және Ұлыбритания тәжірибесі мұндай стансаларды 4 немесе 5 жылда салуға болатынын көрсетті. Бұл бағытта 2 немесе 3 пилоттық өңірді анықтап, мемлекеттік жеке серіктестік арқылы арнайы қаржы қоры құрылуға тиіс. Сонымен қатар жергілікті уранды ел ішінде пайдалану қажет», дейді Е.Каримов.

Қолданбалы этносаяси зерттеу­лер институты орталығының директоры Ғали Дінмұхаммедтің айтуынша, 2025 жыл ел экономикасы үшін сапалық бетбұрыс кезеңі болды. Номиналды ішкі жалпы өнім шамамен 300 млрд долларға жетті. Ал нақты экономикалық өсім 6,5% деңгейінде қалыптасты. Өсімнің басты ерекшелігі – мұнайға емес, мұнайдан тыс секторларға сүйенуі. Экономиканың ішкі құрылымы қоз­ғала бастады. Құрылыс саласы айқын алға шықты. Сауда саласы да жоғары қарқын көрсетті. Өнеркәсіп өн­дірісі де өсім көрсетті. Машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдары мен азық түлік өндірісі негізгі қозғаушы күшке айналды.

«Алайда 2018–2019 жылдары ел эко­но­микасының номиналды көлемі 180-185 млрд доллар аралығында болды. 2018 жылы ІЖӨ шамамен 179 млрд долларды, 2019 жылы 181 млрд долларды құрады. Нақты өсім жылына орта есеппен 4-4,5 па­йыз деңгейінде болды. Ол кезде өсім негізінен ши­кізат экспорты мен ішкі тұтынуға сүйенді. Сол себепті 2025 жылғы серпіліс бір жағынан бейімделу қабілетін көрсетсе, екінші жағынан қолданыстағы экономикалық модель­дің шегіне жақындағанын аңғар­­та­ды. Өсімнің негізгі көздері әлі де ішкі сұраныс, бюджеттік шығыстар және инфрақұрылымдық инвестициялар болып қалды. Бұл алдағы кезеңде жеке инвес­тицияларды, өнім­ділікті және экспорттық әлеуетті күшей­­ту­дің маңызын арттырады», деді профессор.

Расында экономика өскенімен, ха­­лықтың қалтасында бұл өсім не­ге се­зілмейді деген сұрақ та бар. Ғ.Дінмұхаммед бұл мәселені жалақы дина­ми­касымен түсіндіреді. 2018 жылы ор­таша номиналды жалақы 162 мен 165 мың теңге шамасында болды. Доллармен есеп­тегенде 480 немесе 500 доллар деңгейінде еді. Нақты жалақы сол кезде іс жүзінде өспеді. 2025 жылға қарай орташа номиналды жалақы 340 мың тең­геден асты. Теңгемен есептегенде екі еседен артық өсті. Бірақ долларлық баламада 370 пен 380 доллар шамасында қалып қойды. Бұл айырмашылық валюта бағамының әлсіреуі мен жоғары инфляцияның жинақталған әсерін көр­сетеді.

Related Articles

Back to top button