Экономика

Қай энергия көзіне басымдық берген жөн?

Дамыған елдерде электр энергиясын жан басына шаққандағы тұтыну көрсеткіші бізден көп. Өзін энергиямен неғұрлым еркін қамти алған ел даму үдерісінде кібіртіктемейді. Сол себепті энергия өндірісіндегі іркіліске жол беруге болмайды дейді сарапшылар.

Энергия тапшылығының қандай боларын көршілес Өзбек­станға қарап-ақ байыптасақ бол­ғандай. Қазір бұл ел өзіне керек энергияның 80-90 пайызын газдан алады. Яғни газ жағып, оны электр тоғына айналдырады. 2022 жылдан бері өз газы жеткіліксіз болып, Ресейден импорттай бастады. Баламалы энергия көздеріне көшпесе, Ресей газына тәуелділігі арта бермек.

«Біздің ел де 2022 жылдан бері энергетика тапшылығына тап болып, Ресейден, Қырғызстан мен Тәжікстаннан электр қуатының бір бөлігін импорттап жатыр. Импортталған энергияның баға­сы біздің бағамен салыстырған­да тым жоғары. Сонымен қатар еліміз Түрікменстан мен Ресей­ден белгілі мөлшерде газды да импорттайды. Газ қорымызды дамытып, жылу орталықтарын салмасақ, осылай сырттың энергия көзіне тәуелді боламыз», дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

Айтуынша, елдегі жылу орта­лық­тарының көбі әбден ескіріп, тозығы жеткен.

«Көбі кеңес заманында салын­ғандықтан, қазіргі талаптарға мүлде сай емес. Сондықтан әр қыс сайын күтпеген ақаулар шығып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салып қояды. Қазіргі энергия өндіріп отырған стансалар әзірдің өзінде сенімді энергия көзі бола алмай тұр. Демек келешекке көмір, газ энер­гиясымен барамын деу, тіпті кері кету десе де болады», дейді ол.

Ендігі амал – жылу электр стансаларын салу. Бұған дейін белгілі болғандай, Ресей компаниялары үш өлкеде ЖЭО салумен айналыспақ. Оған Ресейден онсыз да газ бен энергия сатып алып отырғанымызды қосыңыз. Енді АЭС туралы әңгіме қозғалғанда, тағы да Ресей сөз бола бастады. Өйткені біздегі АЭС-ті салудан Ресейдің алпауыт корпорациясы  «Росатом» да үмітті.

«Халық бұл компанияның АЭС құрылысына атсалысқанын құп көрмейді. Мұны басым көпшіліктің ойы деп білемін. Олар АЭС құрылысы Ресейге тәуелді болмаса дейді. Расымен, Ресейдің энергиясын, газын импорттап, енді көмір жағатын жылу орталығын да соларға салдырып жатырмыз. Бұл – үлкен өкініш. Тәуелсіздік алғалы тым құрығанда жылу орталығын сала алмадық. Салу былай тұрсын, дұрыстап жөндеп алуға да дәрменсізбіз. Басқа да энергия өндіретін орталықтарды шетелдіктер құрды. Өйткені технология да, қаржы да соларда. Егер білім мен ғылымды дұрыс жолға қойып, АЭС сияқты қазіргі заман стансаларын толық меңгермесек, сырттың көмегіне мұқтаж күйде жүре береміз», дейді спикер.

Электр энергиясы АЭС-тен ғана емес, көмір, газ, жел, күн немесе гидро сияқты балама энер­гия көздерінен де өндіріледі. Алайда көмір жағып энергия өндіретін ЖЭС салудың қаупі көп. Еліміз 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтараптығына өту бойынша міндеттеме алып, уәде берді. Осыған орай, 2040 жылдан бастап көмір жағатын ЖЭС салудан бас тартып, жаппай «жасыл» энергияға өту үдерісін бастауға тиіс. Демек, келешекте көмір­ден энергия алуға ешқандай негіз жоқ.

«Электр энергиясын өндіре­­тін екінші мүмкіндік – газ. Оны ГТЭС дейді ғой. Ол Түркістан, Жаңаөзен, басқа да қалаларда жоспарла­нып жатыр. Газ елімізді электр­ энергиясымен 20 пайызға қамта­масыз етеді. Бірақ қазір газ бойын­­ша тәуелді елміз. Газ қорымыз мол, әлемде 22-орындамыз. Алайда газды жеткілікті деңгейде өндіре алмай отырмыз. Себебі ин­весторларға газды дамытқан өте тиімсіз. Осыны ескермей ГТЭС-терді салып тастасақ, оған газды им­порт­тайтын болсақ (мысалы, Ресейден) ол тым қымбатқа түсе­ді. Тәуелді болғандықтан, газ шы­ғару­шы ел оның бағасын өз қалауын­ша көтере береді. Сөйтіп, бір қадам алға басуыңа бағамен-ақ тосқауыл қойып тастайды», деді А.Нарымбетов.

«Гидроэлектр стансалар қа­жет­ті энергияның 6-7 пайызын қамтамасыз етеді. Жалпы, ГЭС бізде ғана емес, бүкіл әлемде көп салынып жатқан жоқ. Себебі әлемдегі ең үлкен проблеманың бірі – су ресурсы. ГЭС-ке су керек. Басқаны былай қойғанда, Орталық Азиядағы су мәселесі қазірдің өзінде күйіп тұр. Қырғыз Алатауы жалаңаштанып Қаратауға айналып бара жатыр. Оны кеше ғана Астанаға ресми сапармен келген Қырғыз Президенті Садыр Жапаров айтты. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев та мақұлдап, құптады. Демек ГЭС салу айтылған мәселені одан әрі ушықтыра түседі. Мұны дұрыс түсінген жөн. Қазір аймақтағы Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның да басты мәселесі – су ресурсын дұрыс басқару. Мұндағы көрпені әркім өзіне қарай тартпауы керек. Егер олар келісімсіз ГЭС тұрғызса, бізге келетін аз ғана су одан әрі кеміп кетеді. Сондықтан ГЭС-тен де көп нәрсе күте алмаймыз. Су келешекте қазіргіден де азаяды. Әлемдегі барлық ел қазірден бастап суды үнемдеп, әр тамшысын тиімді пайдаланбаса, ол проблемадан үлкен дау-дамайлар туындап кету ықтималдығы басым», дейді сарапшы.

Бұдан соң маман баламалы энер­гия көздеріне тоқталды. Оның үлесі 7 жылда 6 пайызға әрең жет­кен. Ал бір АЭС-тің салынуы елі­міз­дің энергияға қажеттілігін 10-нан 20 пайызға дейін қамтамасыз етеді.

«Баламалы энергияны өндіру­ге осы кезге дейін қанша мл­рд қаржы жұмсалды. Осыны бір түгелдеп, есебін алатын кез жетті. Себебі 7 жылда жеткен жетістігі­міз тым аз, 6-ақ пайыз. Енді сол 6 пайызды 2035 жылға қарай 10-15 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бірақ ол көрсеткішке жету оңай болмайтын сияқты. Оның өз себептері бар. Баламалы энергия көзіндегі басты проблема – елдегі инфрақұрылымның оған сай келмеуі. Бірінші кезекте баламалы энергия көзі дегеніміз – баламалы тоқ күші. Екінші­ден, оны сақтайтын үлкен қойма­лар керек. Бізде ол жоқ. Баламалы тоқты өткізетін желі де әлі құрыл­маған», дейді.

Дегенмен сарапшы мүмкіндік жетсе бір энергия көзімен шектелмей, бұл бағытта да әртарап­тандыру саясатын жүргізген жөн болар еді деген ойын айтады.

«Көмірден алынатын энергия біртіндеп азая береді. Париж келісімі қатал. 2060 жылға дейін ауаға зиянды шығарынды тас­тайтын энергия көзіне біржола тыйым салынады. ЖЭС-тердің де тозығы жетті. Дегенмен оны қолданыстан бүгін-ертең алып тастай алмаймыз. Өйткені елдегі басты электр энергиясын өн­діруші – ЖЭС. Әйтсе де, оған көп қаражат құюдың қажеті жоқ. Керекті кезеңге дейін жөндеуден өткізіп, ұстап тұрған жөн. Ал газ турбиналарын дамытқан ләзім. Алайда әуелі газдың өзін көп өндіруді қолға алған дұрыс. Өз газың болмаса Өзбекстан, Италия сынды өзге елдерге қол жайып отырасың. Сондықтан оны осы 20-25 пайызында ұстап тұрған жөн шығар. Мұндағы ұсыныс – әртараптандыру ережесін бұзбау. Мүмкін болса, баламалы энергия өндіруді 20 пайызға жеткізу керек. Ал гидроэлектр стансаларын бәрібір көбейте алмаймыз», деді.

Сарапшының пайымынша, АЭС мәселесін «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» дұрыс.

«Біздің елге үлкен АЭС тиімді ме, әлде кіші модульді АЭС тиімді ме, оны ақылдаса отырып шешу керек. Біз қазір әлемдегі уранның 40 пайызын шығарамыз. «Қазатомпром» оның жартысынан көбін игеріп тұр. 23 пайызы – «Росатом» үлесінде. Уран бойынша тәуелділік жоқ. Сондықтан АЭС-ті барынша ашық, жария түрде салу керек. Менің ойымша, мұнда да әртараптандыру ережесін алға қойып, келешекте 3-4 АЭС салатын болсақ, әр­қай­сысын әр елдің ең мықты мердігер компанияларына сеніп тапсырған жөн. Сонда біржақты тәуелділік болмайды», деп сөзін қорытты А.Нарымбетов.

Басқа жаңалықтар