Заң мен Тәртіп

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Жас ұрпақ – ел ертеңі. Ал олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – бүгінгі қоғамның басты жауапкершілігі. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және саналы ұрпақ қалыптастыру – күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі.

Осы мақсатта Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Кездесуге аудан прокуратурасының аға прокуроры Сұңғат Орынбасар, аудандық аурухананың педиатр дәрігері Әсел Спанова, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы Аида Асқарова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ынтымақ Жақсылық пен аудандық білім бөлімінің психологиялық қызмет бағыты бойынша әдіскері Сәндігүл Байдуашова және аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Таңат Құбышев қатысып, оқушылармен ашық сұхбат жүргізді.
Іс-шара барысында мамандар жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін түсіндірді. Құқықтық сауаттылық – адамды түрлі қауіп-қатерден қорғайтын маңызды құрал екені атап өтілді.
Мамандардың айтуынша, құқықбұзушылықтың негізгі себептері – отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, ата-ананың бақылауының жеткіліксіздігі, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және қоршаған ортаның кері әсері.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі зиянды ақпараттар да жасөспірім санасына айтарлықтай ықпал етуде.
Кездесу барысында есірткі заттардың зияны да кеңінен сөз болды. Жасөспірімдер арасында мұндай зиянды әдеттердің таралуы олардың денсаулығына ғана емес, болашағына да қауіп төндіреді.
Бұл – тек жеке мәселе емес, қоғам үшін де үлкен қатер. Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты құқықбұзушылықтардың салдары ауыр екені айтылып, мұндай әрекеттердің алдын алу үшін әр адам өз құқығын біліп, өзгенің құқығын құрметтеуі қажет екені жеткізілді.
Жиында тағы бір маңызды мәселе – жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбы қозғалды.
Мамандар бұл жағдайлардың көбіне психологиялық қысым, жалғыздық және қолдаудың жетіспеуінен туындайтынын атап өтті. Сондықтан әр балаға мейірім мен түсіністік қажет.
Адалдық, жауапкершілік, адамгершілік және заңға құрмет – қоғамның басты құндылықтары. Осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ғана біз құқықбұзушылықтың алдын алып, саналы қоғам қалыптастыра аламыз.
«Заң мен тәртіп» – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі.
Әбділда САҒЫНОВ,
Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Related Articles

Back to top button