ЖЫР МЕН РУХ ҰШТАСҚАН КЕШ
Сөз өнері – ұлт руханиятының алтын арқауы, ал ақын – халықтың мұңы мен мұратын жыр арқылы жеткізетін қоғам жанашыры. Осы мақсатта Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен, Ойыл аудандық мәслихатының аппараты мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қолдауымен «Поэзия және қоғам - ақынның азаматтық ұстанымы!» атты тағылымды кездесу өтті.
Тағылымды басқосуға Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлеймен, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, ауданның зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, аналар, жастар қатысты.
Кездесу барысында ақын жүрек түкпірінен туған жырларын оқып, өмірден түйген тағылымды ойларымен бөлісті. Әңгіме арқауы поэзияның қоғамдағы орны, азаматтық ұстанымның мәні, ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар мен елдік мұраттар төңірегінде өрбіді. Қатысушылар ақынның әрбір сөзі мен өлеңінен туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлт болашағына деген жауапкершілікті сезінді.
Кештің көркемдік мазмұнын Ойыл жастарының өнері толықтыра түсті. Олар ақынның жырларын мәнерлеп оқып, Табылды Досымов әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жыр мен ән үндескен рухани кеш әдебиет пен өнердің мәңгілік байланысын тағы бір мәрте айқындады.
Іс-шара аясында аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Жүрек үнін жырлаған ақын» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеде ақынның шығармашылығы, өмір жолы және ұлттық әдебиеттегі орны кеңінен насихатталды. Бұл бастама кездесудің мазмұнын байытып, қатысушылардың әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыра түсті. Жиын барысында аудан тұрғындары мен жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ақынмен еркін пікір алмасты. Бижан Қуанышкерейұлы елдің ықыласына ризашылығын білдіріп, жастарды кітап оқуға, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және туған жерге адал қызмет етуге үндеді.
Осындай тағылымы мол кездесулер аға буын мен жастар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтып, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Ұлттың сөз өнерін ұлықтап, кітаптың өміршеңдігін дәріптейтін мұндай игі шаралар келешек ұрпақ үшін өнегелі мұра болып қала беретіні анық.
Киелі Көкжар өңірінің халқымен жүздесіп, рухани кештің төрінен табылған Бижан Қуанышкерейұлына ұйымдастырушылар атынан шынайы алғыс білдіріліп, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіленді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.




