АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ БӘРІНЕ ОРТАҚ!

«Ауылына қарап, азаматын таны!» — дейтін ұғымға сүйенсек, ауылдың тазалығы әр ауладан басталады. Сайып келгенде ауылдың ажары бәріне ортақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуір айынан бастап бүкіл ел бойынша «Таза Қазақстан» тұрақты экологиялық акциясы өткізіліп келеді.
Ол тек сенбіліктерді ұйымдастыруға ғана емес, сонымен қатар қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстарға бағытталған.
Осыған орай Ойыл ауылдық округіне қарасты Ақшатау және Қаракемер елді мекендерінде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарына мониторинг жүргізілді. Ауылдарды аралау барысында тұрғын үйлердің, ескі қора-қопсылардың және бос тұрған ғимараттардың жағдайы қаралып, тұрғындарға аулаларды таза ұстау, ескі нысандарды ретке келтіру, әктеу-сырлау және абаттандыру жұмыстарын уақытылы жүргізу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар арнайы ескерту парақшалары таратылды. Сондай-ақ қысқы мал азығын дайындау барысы зерделеніп, әрбір тұрғынның шөп қорының дайындық деңгейі анықталды. Қысқа қажетті мал азығын алдын ала жеткілікті мөлшерде дайындаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Таза ауыл – ортақ міндет! Әрбір тұрғын өз ауласы мен ауыл тазалығына жауапкершілікпен қарап, туған жерімізді көркейтуге бірге үлес қосайық!
Бастаманы ойдағыдай іске асыру және көп азаматтарды тарту үшін қоғамдық бақылау мен халықтың белсенді қатысуы ерекше маңызға ие.



