Құрылтай сайлауы – ел болашағына ортақ жауапкершілік

Құрылтай сайлауы туралы айтқанда, оны кезекті сайлау ретінде ғана қабылдамаған дұрыс деп ойлаймын. Себебі бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең, азаматтардың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін жауапты қадам.
Сайлау – халықтың таңдауын білдіретін демократиялық тетік. Ал Құрылтай депутаттарын сайлау арқылы азаматтар өздерінің өкілдерін анықтап қана қоймай, ел дамуының негізгі бағыттарына қатысты ұстанымын білдіреді. Сондықтан бұл науқанға әрбір азаматтың саналы түрде қатысуы маңызды.
Құрылтайдың басты мәні – қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын заң шығару үдерісінде ескеру. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай депутаттарына жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Халықтың сеніміне ие болған әрбір депутат ел мүддесін жеке мүддеден жоғары қойып, халықтың аманатын абыроймен атқаруы тиіс.
Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі – қоғамдағы сенімнің маңызды негізі. Ал сайлаушылардың белсенділігі мен жауапкершілігі осы үдерістің сапасын арттыра түседі. Әрбір дауыс – азаматтың өз елінің болашағына деген көзқарасы мен азаматтық ұстанымының көрінісі.
Бүгінде елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осындай маңызды өзгерістер кезеңінде халықтың пікірін білдіретін өкілді органның қалыптасуы ерекше мәнге ие.
Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауына бейжай қарамай, оның маңызын терең түсіну қажет. Сайлауға қатысу – тек дауыс беру емес, бұл – ел тағдырына ортақтасу, азаматтық жауапкершілікті сезіну.
Құрылтайдың жаңа құрамы халықтың үмітін ақтап, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге және Қазақстанның одан әрі дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.
Ел болашағы – әр азаматтың таңдауынан басталады. Сондықтан Құрылтай сайлауына қатысу – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Өркен Ақеділов,
Ойыл аудандық мәслихат депутаты.



