ҚҰРДАСТАР ҚҰРМЕТІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
ОЙЫЛ ӨҢІРІНДЕ 1972 ЖЫЛЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН АЗАМАТТАР ӨМІРДЕН ӨТКЕН ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛЫП, ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. ЖАСТЫҚ ШАҒЫ МЕН БАЛАЛЫҚ ДӘУІРІ ҚАТАР ӨТКЕН ҚҰРДАСТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН БАСҚОСУДЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – БАҚИЛЫҚ БОЛҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАП, ОЛАРДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТУ, ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРТАҚ ИГІ ІС ҚАЛДЫРУ.

Еске алу шарасы алдымен аудан орталығындағы Тәуелсіздік көшесінде бой көтерген «Құрдастар саябағының» ашылуынан басталды. Бұл саябақ – 1972 жылы туған Ойыл өңірі азаматтарының ортақ бастамасы мен еңбегінің нәтижесі. Оның игілікті іске айналуына Жетікөл, Қаракемер, Құмжарған және өзге де елді мекендерде туған, өсіп-өнген құрдастар өз үлестерін қосты.
Бірі Ойылда тоғызыншы-оныншы сыныпта бірге оқыса, енді бірі бір жыл ғана қатар білім алған. Кейбірінің балалық шағы бір ауылда өткен.
Саябақтың ашылу салтанатына Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев қатысып, игі бастамаға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ел ағалары, ардагерлер, ұстаздар мен өмірден өткен құрдастардың ата-аналары және туған-туыстары арнайы шақырылды.
Кезінде ел басқарған азаматтардың бірі Ғазиз Займолда да шараға қатысып, құрдастарға батасын берді. Сондай-ақ 1972 жылғыларға сабақ берген, сынып жетекшісі болған ұстаздар арнайы шақырылды.
Саябақтың ашылуында ерекше мән берілген сәттердің бірі – ағаш отырғызу рәсімі болды. Құрдастар өздері білім алған ұстаздарына, ата-аналарына тал ектірді. Бұл – өмірден өткен перзенттердің есімін туған жерде мәңгі қалдырудың символдық белгісіндей.
Салтанатты шара басталмас бұрын жиналған жұрт киіз үйге кіріп, ақтан ауыз тиді.
Саябақтың ашылуынан кейін құрдастар мешітке барып, өмірден өткен барлық құрдастарының рухына Құран бағыштады. Марқұмдардың есімдері аталып, олардың артында қалған туған-туыстарына көңіл айтылып, дұға жасалды. Бұдан кейін «Бәйтерек» мейрамханасында ас берілді. Басқосуда өмірден өткен құрдастардың рухына дұға бағышталып, олардың жақындарына естелік сыйлықтар табысталды. Жиын барысында бірге өскен, бірге оқыған азаматтардың өткен күндері еске алынып, жүрекжарды естеліктер айтылды.
Шараға жан-жаққа тарап кеткен 1972 жылғылардың бірқатары арнайы ат ізін салып келді. Алматы, Ақтөбе қалаларынан және өзге де өңірлерден келген құрдастар туған жерге жиналды.
Бұл күн – бір жылда дүниеге келген азаматтардың жай ғана бас қосуы емес, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін құрдастықтың, туған жерге деген сағыныштың және өмірден өткен жандарға деген құрметтің көрінісі болды.
Өйткені адам өмірден өтеді, ал оның артында қалдырған жақсы аты мен жарқын ізі ел жадында сақталады. «Құрдастар саябағы» да осы іздің бір белгісі болып, жылдар өте саялы мекенге айналары сөзсіз.
Гаухар АБАЙҚЫЗЫ.




