Студенттік жатақханаларды бөлудің бірыңғай цифрлық платформасын құру ұсынылды

Құрылтай депутаты, «Respublica» фракциясының өкілі Нүргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру туралы депутаттық сауал жолдады.
Ресми мәлімет бойынша, 2023–2025 жылдары 31 463 орынға арналған 113 жатақхана пайдалануға беріліп, 2026 жылы орын тапшылығы 7,5 мыңға дейін қысқарған. Дегенмен депутат ендігі міндет жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмей, жатақхана орындарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Осыған байланысты мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын біріктіретін «бір терезе» қағидатындағы цифрлық платформа құру ұсынылды.
Платформада әлеуметтік басымдықтарды автоматты түрде тексеретін ашық скоринг, электрондық кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және бос орындардың нақты уақыттағы есебі қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар жүйені eGov-пен интеграциялау, дербес деректерді қорғау және шешімдерге шағымдану тетігін енгізу ұсынылды.
Депутат Үкіметтен 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды цифрландырудың бірыңғай стандартын әзірлеп, 2027–2028 оқу жылына дейін барлық жатақхананы платформаға кезең-кезеңімен қосуды сұрады.



