Жаңалықтар

ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛҒАН ШЕБЕРЛІК

«ЕҢБЕК АДАМЫ» АЙДАРЫНДА ӨЗ КӘСІБІН НӘСІБІНЕ АЙНАЛДЫРЫП, ТАЛАЙ ЖЫЛ МАҢДАЙ ТЕРІМЕН ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ЖАНДАР ТУРАЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАЙМЫЗ. ӘР АДАМНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ ӘРТҮРЛІ. БІРІ МАМАНДЫҚТЫ БАЛА КҮНІНЕН АРМАНДАСА, ЕНДІ БІРІ ӨМІРДІҢ ӨЗІ АЛЫП КЕЛГЕН ЖОЛМЕН ӨЗ КӘСІБІН ТАУЫП ЖАТАДЫ. БАСТЫСЫ – ТАҢДАҒАН ІСІҢЕ АДАЛ БОЛЫП, ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАЙ ЕҢБЕКТЕНЕ БІЛУ.

Бүгінгі кейіпкеріміз – шаштараздық кәсіптің ыстығы мен суығына қатар төзіп, осы саланың қыр-сырын меңгеріп келе жатқан Жанат Спанова Сейітжанқызы. Бүгінде ол – «Аружан» шаштаразының иесі. Ал бұл кәсіпке келуінің өзі бір қызық хикая. Жанат Сейітжанқызы 2007 жылы екінші баласын дүниеге әкеліп,
2008 жылдың күзінде Ойылға көшіп келген. Жаңа ортаға келген соң еңбекке араласудың жолын іздей бастайды. 2009 жылдың қаңтарында халық санағына қатысып, бір ай жұмыс істейді. Сол еңбектен алған табысының бір бөлігін өзіне қажет кәсіпке жұмсауды ойлайды. Көп ұзамай шаштараздыққа қызығушылығы оянады. Сол кезде құрбысы Айшат оған Зауреш есімді шаштараздың қасына барып, көмекші болып жұмыс
істеуді ұсынады. Осы ұсыныс Жанаттың өміріндегі жаңа жолдың басталуына себеп болды. Шаштараздықты кәсіби тұрғыда меңгеру үшін ол сол көктемде тапқан табысының бір бөлігін алып, қалаға барып, бір айлық курс оқып келеді. Ал 2009 жылдың жазында Ойылға оралып, Зауреш апайдың қасында жұмысын бастайды. Бұл – бүгінгі кәсібінің алғашқы қадамы еді. Ол кездегі жұмыс жағдайы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда қиын болатын. Шаштаразда жылу жүйесі жоқ. Даладағы суды тасып әкеліп, күнделікті жұмысқа пайдаланатын. Клиенттердің шашын жуу үшін де суды үнемдеп, бар жағдайды өздері жасауға тура келді.

– Ол кезде от жағамыз, даладан су тасимыз. Қол жуғышқа су құйып қоятынбыз. Бас жууға да жағдай жасау керек. Ой, сондай қызық замандар болды ғой! – деп еске алады Жанат.

Қыс мезгілі тіпті қиын. Жылу бол маған ғимаратта жұмыс істеу оңай емес. Амалсыз газ баллонын пайдаланып, бөлмені жылытуға тура келген. Бір күнге жетерлік газды әкеліп, ішті жылытқанымен, келесі күні қайтадан қамдануға тура келетін.
Суықтың қатты болғаны соншалық, жұмысқа қажетті құралдардың өзі қатып қалатын кездер болған. Бүгінде осының бәрі Жанат ханым үшін қызық естелікке айналған. Қазір жұмыс жағдайы әлдеқайда жақсы. Дегенмен сол қиындықтардың әрқайсысы оның еңбек жолында өзіндік із қалдырды. Шаштараздық кәсіпті бастаған алғашқы жылдары Жанат тек жұмысымен шектелмей, түрлі шараларға да белсенді қатысқан. Ал «Аружан» атауының өзіндік тарихы бар. Бұл – Жанаттың тұңғыш қызының есімі.

– Аружан – үлкен қызым. Шаштараздың атын соның атымен қояйын деген ой болды. Одан кейін ұлым бар, 2013 жылы егіз
қыздарым дүниеге келді. Содан тұңғыш қызымның атын қояйын деп шештім, – дейді ол.

Осылайша «Аружан» атауы Жанаттың кәсібімен қатар, отбасымен де тығыз байланысты болып қалыптасты. 2009 жылы жеке кәсіпкерлігін ашқан Жанат Сейітжанқызы содан бері осы кәсіптен қол үзген жоқ. Бүгінде де салонды жалға алынған орында жүргізіп отыр. Алдағы уақытта өзіне тиесілі жеке орнын ашу – басты мақсаттарының бірі. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде талай қиындық артта оңай емес.  Бүгінде де салонды жалға алынған орында жүргізіп отыр. Алдағы уақытта өзіне тиесілі жеке орнын ашу – басты мақсаттарының бірі. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде талай қиындық артта
қалды. Бірақ сол қиындықтардың ешқайсысы Жанатты сүйікті кәсібінен алыстатқан емес. Керісінше, әрбір сынақ шыңдап, тәжірибесін арттырды. Шаштараздық – адамның сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, көңіл күйіне де әсер ететін кәсіп. Клиенттің ризашылығы мен алғысын есту – күнделікті еңбектің ең үлкен сыйы.
– Әр жұмыстың өзінің қиындықтары болады. Жақсы жақтары да бар. Әйтеуір, шүкір, халықтың алғысын аласың, – дейді кейіпкеріміз.

Кеше Жанат Спанованың ұзақ жылғы еңбегі тағы бір мәрте бағаланды. Еңбек күніне орай ауданның әлеуметтік дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін оған арнайы марапат табысталды. Бұл – бір күндік еңбектің емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен табандылықтың нәтижесі. Бір кезде жай ғана қызығушылықтан басталған кәсіп бүгінде Жанаттың өмір жолының ажырамас бөлігіне айналды. Еңбек жолында талай қиындықты көріп, талай белесті артқа тастаған Жанат Сейітжанқызының әңгімесі – бастаған істі табандылықпен жалғастырған адамның еңбегі ешқашан елеусіз қалмайтынын көрсетеді. Бүгінде «Аружан» шаштаразының тарихы – бір кәсіптің ғана емес, еңбекпен қалыптасқан өмір жолының көрінісі. Ал осы жолда жинаған жиырма жылға жуық тәжірибесі Жанат үшін ең үлкен
мектеп болды.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы

Related Articles

Back to top button