Білім
Көптоғайдағы «koworking» орталығы бірлесе жұмыс жасауға жаңа мүмкіндік
Өткен аптада Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көптоғай ауылдық модельді кітапханасында «Coworking» орталығы ашылды. Облыстағы 13-інші, аудандағы алғашқы орталықтың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы Сағыров пен Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Бақтылы Қошабаева ауыл халқының қуанышына ортақтасты.
Ауданымызда алғаш рет ашылған орталықта халықтың барлық тобына уақыттың игілігі — жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында «Жастар жылына» орай ел кітапханаларында «Koworking» орталықтарын ашу қолға алынған еді. «Koworking» — бірлесе жұмыс жасау деген ұғымды білдіреді. Заманауи орталыққа келген кез-келген адамға баласын ойнатып, интернеттің игілігін пайдалануы үшін барлық мүмкіндік бар. Әрі, қызметтің бәрі тегін. Ал, кітапханаларда осындай орталықтардың ашылуы оқырман үшін жақсы жаңалық. Жобаның басты мақсаты – жастардың ақпараттық қажеттіліктері үшін әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа үлгісін құру.
Ауылдағы қуанышқа ортақтаса келген көптоғайлықтардың ішінен Сәбит Есіркепұлы ізгі лебізін жолдаса, кәсіпкерлер Тілекбай Әміров пен Әлібек Өмірғалиевтар орталықтың кем-кетігін толықтыру үшін өздерінің тарту-таралғыларын ұсынды.