ӘлеуметБасты тақырып

Дұрыс бағыт – дәстүрді дәріптейді!

Жастардың өзге ағымдарға ілесіп, қоғамға  жат әрекеттерімен қателікке бой ұрып жататыны бар. «Бір құмалақ бір қарын майды бүлдіретіні» сияқты жат ағымдағы бір адамның өзі бірнеше адамды өз нанымына кіргізіп алуы әп-сәтте. Сананы улайтын уағыздарды айтып, ортада теріс пікірді қалыптастырады. Бір өкініштісі — сол мұндай жағдайлар қалалы жерде емес, шалғай аудан, ауылдарда бар екені жасырын емес. Бұл дертке бүкіл ел болып күресу қолға алынды. Теріс ағымның тамырын таратпауға жергілікті билік те барынша әрекет етіп келеді.

Нәтижесінде біздің ауданда діни ахуал тұрақты деп айтуға болады. Өзге ағымдағы санаулы адамдар ұдайы бақылауда. Әзірге олардан жаман ниет байқалмайды. Бірақ аудан жастарын өзге бағыттардан үнемі сақтандырып, жиі бас қосып, кездесулер ұйымдастырып тұру күн тәртібінен түскен емес. Қаладағы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығынан немесе басқа да мемлекеттік діни ұйымдардан, мешіттерден арнайы теологтар келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Исламның, оның ішінде біз ұстанатын Ханафи масхабының дұрыс екендігін дәлелдеп, жастарды осы жолдан адаспауға кеңестер беріледі. Аптаның алғашқы күні ауданымызға республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, теолог Жақсыбек Әділхан келіп, Ойыл аграрлық колледжінде студенттермен кездесті. Кездесуге аудандық орталық мешітінің имамы Нұрсұлтан Серікұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев қатысты. Шалғайдағы ауданымызға Алматыдан арнайы келген теолог Жақсыбек Рахишұлы студент жастарға дініміз бен дәстүріміздің дұрыс жолын, Алла жолына бет бұрған адамның ұстанатын қағидаларын айтты.

«Құрметті жастар, студенттер! Адамның іс-әрекеті, қимылы қай дінге сенеді соған байланысты болады. Біз 2015 жылы 19 сәуірде еліміздің зиялы азаматтары, арнайы дін мамандары қатысқан мұсылманның тұлғасы деген құжат қабылдадық. Сол құжатта 15 сұрақ дайындадық.

Оның ең біріншісі адамға дұрыс  сенім, Ол ислам діні болуы керек. Кім қай дінге сенеді қөзқарасы, әрекеті де сондай болады.

Екіншісі ол – білім. Үшіншісі отан сүйгіштік. Адамның иманы артқан сайын елін, жерін, айналасындағы адамдарды жақсы көреді, құрметтейді» — деді. Құжатта қабылданға он бес сұрақтың әрқайсысына жеке жеке тоқталып, әрбір маңыздылығын тарқатып түсіндірген теолог дінаралық, татулық, заңға бағыну, ысырапшылқты болдырмау секілді талаптарын таныстырды.

Республикалық деңгейдегі теологқа студенттер сұрақтар қойып мардымды жауаптар алды. Түстен кейін ақпараттық түсіндіру тобы аудандық ішкі істер бөлімінде болып, пробациялық есепте тұрған адамдармен жүздесті. Жаза басып қателікке бой алдырған, күтпеген жерден тағдыр сынына ұшырап темір тордың ар жағынан жазасын өтеп келгендерге ешқашан мойымай, алға жақсы мақсат қойып, үлкен үмітпен жүру керектігін айтты. Сонымен қатар  ата- ананы риза етіп, және отбасын, балаларын қараусыз тастамай асырап оларға жылы мейірімін беру жиһад болып саналатынын жеткізді.

Ауданымызда үш күн болған теолог Әділхан Рахишұлы Саралжын, Қайыңды және Құмжарған елді мекендерінде болып, ондағы жастармен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Ханафи масхабының әрбір шарттарын қарапайым тілмен ұғындырды. Әсіресе дінмен қатар ата-бабаларымыздың дәстүрімен жүру адастырмайтынын айтты.

«Біз қазіргі таңда қай нәрсенің де алдын алуымыз керек. Өзге ағымға дендеп еніп кеткендердің бетін қайтару қиын. Сондықтан иман жолына бет бұрған жастарға бағыт сілтеп, дұрыс жолға салу біздің міндетіміз. Ондайлармен күресу жалғыз ауыл әкімінің, учаскелік инспектордың немесе имамның ғана шаруасы емес. Ауылдық жерде ондай белгілер байқалып жатса, дереу бірігіп алдын алуымыз керек.

Дер кезінде қимылдағанның нәтижесінде көптеген жастарды теріс жолдан айнытамыз» — деді теолог.

Ал, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев ауылдағы кездесулерде аудан ішінде әзірге теріс ағымдардан қауіп жоқ екенін, аз ғана жандардың бақылауда тұрғанын, олармен үздіксіз түсінік жұмыстарын жүргізіліп отырғанын айтты.

«Өзіміздің арамызда жат пиғылды жандар болмағанмен сырттан келеді. Әсіресе қаладан келгендерден сақтануымыз керек. Ұялы телефон, интернет, әлеуметтік желі секілді байланыс жүйелері арқылы бірінші жеткіншектерді айналдыруы мүмкін. Балаларыңыздың немен айналысып, кіммен сөйлесіп жүргенін қадағалап отыру керек» — деді.

Үшінші күні ақпараттық түсіндіру тобы аудандық мәдениет үйінде жастармен тағы жүздесті. Оған орталықтағы үш мектептің оқушылары шақырылды.

 

Басқа жаңалықтар