ӘкімдікБасты тақырып

Ауданға жаңа әкім тағайындалды

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активінің жиынына қатысты. Жиында өңір басшысы ауданның жаңа басшысын таныстырды. Оған ҚР Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Дастан Сағыров тағайындалды. Облыс басшысы ауданның жаңа әкімінің алдына әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бірқатар міндеттер қойды.

Бердібек Сапарбаев бұрынғы әкім Бұлбұл Күзембаеваға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, Ақтөбе облысының білім саласын бақылау департаментінің басшысы лауазымында жаңа табыстар тіледі.

  • Ойыл ауданының өз ерекшеліктері мен өз қиындығы бар. Мұнда шаршауды ұмытып, білек сыбана  жұмыс істеу керек. Бұлбұл Бисембайқызы әкім қызметінде өз жұмысын жақсы, тиянақты атқарды. Облыс басшылығы атынан Бұлбұл Бисембайқызының жасаған жұмысына алғыс айтамын. Департаментте де оны үлкен жұмыстар күтіп тұр -деп Бердібек Машбекұлы Бұлбұл Бисембайқызына Алғыс хат табыс етті.

Басқосуда сөз алған Бұлбұл Күзембаева облыс басшысына ризашылығын жеткізіп, аудан халқына алғысын білдірді. Өз кезегінде Дастан Сағыров сенім білдіргені үшін облыс әкіміне алғыс айтып, тапсырмаларды жүйелі, дер кезінде орындауға уәде берді. Жиында сөз алған ауыл ақсақалдары ауданның бұрынғы басшысы Бұлбұл Бисембайқызының ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде жасаған еңбегі, табандылығы, қажырлылығы үшін алғыс айтты.

Шара барысында сөз сөйлеген Саралжын селолық округінің тұрғыны Жақсығали Бисалиев облыс әкіміне мал шаруашылығын дамыту үшін өз ұсынысын жеткізді.

  • Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында түрлі мемелекеттік бағдарламалар бар. Халық оның игілігін көріп отыр. Мал басын көбейтуде өз ұсынысымды айтқым келеді. Үкімет малды несиеге берсе, шаруалар үшін тиімдірек болар еді. Саралжын ауылында 180 түтін бар. Соның 40-ы мал ұстамайды. Неге? Кейбір адамдарда масылдық психология қалыптасқан. Мемлекет берген көмекке сүйеніп, жұмыс жасамайтын болды. Еңбек етуден қашады. Шаруашылықтар науқан кезінде, шабындыққа, егін оруға, мал бағуға адам таба алмай, қиналады — деді ауыл ақсақалы.

Кездесуде тұрғындар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобаларының маңыздылығына тоқталып, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі игі жұмыстары үшін ризашылықтарын білдірді. Жиынды облыс әкімі түйіндеді.

 

  • Ауданның әлеуетін толығымен пайдалану керек. Кезінде Ойыл ауданында 100 мың гектардан астам егістік жер болған. Әрине, оның көбісі мал азығын дайындау үшін пайдаланылды. Халық  мемлекеттің қолдау, көмегін тиімді пайдалану керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы иесіз, бос жатқан жерлерді игеру керек. Кезінде бұл ауданда 300 мыңнан астам мал болды. Бұл көрсеткішті төмендетіп алдық. Әсіресе, қой мен түйенің басы азайды. Үкімет субсидия мәселесін тағы қарастырып жатыр. Ойылда мал басын ең кем дегенде 300 мыңға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Соған күш салу керек. Бұл ауданда 1 миллион гектардан астам жайылымдық, 100 мың гектардан астам шабындық жер бар. Мал азығын мәселесін шешу үшін осы жерлерді тиімді пайдалану қажет, — деп Бердібек Сапарбаев ауданның жаңа әкімін қолдап, бірге жұмыс жасау керектігін айтты.

60  ОҚУШЫҒА ЖОЛДАМА

Бердібек Сапарбаев сапар барысында «Бақытты бала» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Мұнда  облыс әкімі балалардың робот техникасындағы, спорт, ғылым мен білімдегі жетістіктерінің, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың жұмыстарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ауданаралық «Ай Керім» жас модельдер конкурсына куә болды.

Шарада сөз алған облыс әкімі ел ертеңі жастардың қолында екенін айтып, оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім алудың маңыздылығын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде:

  • Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалар үшін, жас ұрпақтың болашағының жарқын болуы үшін көп жұмыс жасалып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі басым бағыттарының бірі де жастар үшін арналып отыр. Ең негізгісі, біздің балаларымыз ұлттық салт-дәстүрді ешуақытта ұмытпауы керек. Балалардың заман талабына сай білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл — «Бақытты бала» жобасының басты мақсаты, — деді. Өңір басшысы жиын барысында 60 оқушыға Астанамен, Түркістанның және Маңғыстау облысының киелі жерлеріне саяхат жасауға тегін жолдама, сондай-ақ, үш мектепке 15 компьютер тарту етті. Облыс әкімі ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. 5 балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарын толтыру үшін сертификат табыс етті.

БЕСТАМАҚҚА МЕКТЕП ПЕН ГАЗ

Бердібек Сапарбаев Ойыл ауданына сапары барысында Бестамақ ауылында да болды. Онда ол мұндағы жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысын тексерді. Сондай-ақ, Қобда-Бестамақ газ құбырының құрылыс жобасымен танысты. Халықпен кездесу өткізді.

  • Қазір мектепте 67 бала оқып жатса, 50 орындық мектеп аз болуы мүмкін. Оның үстіне ауылға басқа ауылдардан адамдар көшіп келетін болса, бала саны көбейетіні анық. Мұның бәрі ескерілуі тиіс. Сол себепті, мектептің ғимаратын 50 орындық емес, 60 орынға есептеп салу қажет. Ауылдың болашағын зерттеу керек, — деді Бердібек Сапарбаев. Ауылда қазір 200-ден астам тұрғын бар.

Бестамақ ауылына Қобдадан газ тартылатын болады. Жобаны жүзеге асыру Қобда және Ойыл аудандарының 5 елді мекенін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Газ құбырын келесі жылы  іске қосу жоспарланған.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар