Білім

Бибінұр – «Үздік педагог»

 “Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет” - деп Бауыржан атамыз айтқандай, ұстаз болу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. «Мұғалім өзінің  білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді». Шәкірт тәрбиелеп, оны биіктерге жетілдіріп бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаз қауымына қанша мақтау айтсақ та артық етпейді.

2 жылдан бері педагог мәртебесі туралы заң қолданысқа еніп, ұстаздарды қолдау да үлкен серпіліс әкелуде. Қазан айының алғашқы жексенбісінде ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында білім саласының майталман ұстаздарын анықтауды мақсат еткен облыстық “Үздік педагог” байқауы қорытындыланды. Өңірден 30 ұстаз қатысып, олардың ішінен үздік деп танылған бес ұстаз “Үздік педагог” атанды.
Соның бірі ауданымыздан оза шапқан Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Амангалиева Бибінұр Ерсайынқызы. Ұстаздық деген ұлағатты қызмет жолында 32 жыл еселі еңбек еткен жан өз пәнін жетік меңгерген, кәсіби деңгейі жоғары ізденімпаз ұстаз. Әрбір жыл сайын бастауыш сыныпты аяқтап шығарған оқушылары, жоғарғы сыныпта өз білім дәрежесін жоғары деңгейде көрсетіп, «Алтын белгі иегерлері» атанып жүр. Шәкірттерінің алдыңғы қатары АҚШ елінде «Болашақ» грант иегері атанып, өз білімдерін жалғастыруда. Облыстық «Кішкентай білгірлер» пәндік олимпиададан 4 рет жүлделі орынмен оралып, 2016 жылы ауданымызда бастауыш сыныптар арасында «сенсация» жасап 1 орын иеленсе, оқушысы Серікұлы Аманаллаһ облыстың «Ең үздік математик»  номинациясымен марапатталды. Республикалық интеллектуалдық марафон «Ақбота» сайысына қатысқан оқушылары 1 орынды иемденді.
Жас әріптестеріне әдістемелік көмек ретінде әдістемелік нұсқаулар  әзірледі. Оқушылары аудандық ғылыми жобалар сайысында жеңімпаз атанып, аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінеді. Былтырғы пандемия кезінде  дүниетану пәні бойынша республика көлемінде іс-тәжірибе таратты.
Облыстық  «Ең үздік сабақ жоспары» байқауына қатысып, жүлделі орындар иеленді.
Оқу жылында республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық жеңімпазы атанып, облыс әкімінің гранты «Жүз мың теңге» сертификатын иеленді. Республикалық «Өрлеу» образовательный каналына  Дүниетану пәні бойынша видео сабақ жариялап, «Лучший педагог страны»сертификатын иеленді.
Үш жыл қатарынан облыстық кәсіби байқау педагогикалық олимпадаға жыл сайын қатысып жүлделі 1орынды иемденіп отырды. Ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие беру ісіне қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен»  марапатталған.
«Алғашқы еңбек жолын бастаған кезде үлкен көмек көрсеткен бірінші себепкер әріптесім, әрі жеңгем Екатерина Қалиева, сол уақыттарда аудандық білім бөлімінің әдіскері болған Марал Еркінова, үнемі іс-тәжірибесімен бөлісіп, көмегін көрсеткен әріптесім Майраш Ибрашева — алғаш еңбек жолымның эталоны, нәтижелі еңбек етуіме септігін тигізген жандар деп есептеймін.Осы байқауға қатысуға қолдау көрсетіп, сенім артқан мектеп-гимназия директоры Роза Сәуірбайқызына үлкен алғыс білдіремін. Осындай жетістіктер мен еңбектің арқасында «Ақтөбе облысының үздік педагогы» атағына ие болдым» — дейді.
Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығында» үлкен мерекелік шара өтіп, үздіктер марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың қолынан «Ақтөбе облысының үздік педагогы» төсбелгісімен қатар 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы иеленді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар