Әлеумет

Жомарт жаннан жеткен сый

Өткен апта жас сәбилерді риясыз қуаныш пен шаттыққа кенелткен апта болды!
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» — демекші, жерлесіміз, «Анвар» ЖШС-нің бас директоры, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиков 115 балаға жаңа жылдық тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар жіберді. Талғат ағамыздың ауданға жанашырлығы, дамуына қосқан игі істерін тізбектеп айтып жатқанымыз артық болар. «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы жомарт жанның бүлдіршіндерге деп жолдаған аманатын салтанатты түрде табыс етіп, ата-ана мен сәбилердің қуанышына куә болды.
Сыяпатын алуға келген балалар жаңаша жасанып, жаңа жылдық киімдерін киіп келіпті. Барлығы дайындап келген тақпақтарын, ән- жырларын айтып өз өнерлерін ортаға салды.
Жаңа жылдық сыйлықты үлестіруге келген «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин, аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аудандық мәслихат депутаттары Сәндібек Нұрбаев пен Исатай Берғалиев бүлдіршіндерді жаңа жылымен құттықтап, жарқын болашақтарына игі тілектерін тіледі.

Басқа жаңалықтар