Әкімдік

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Бекітілген жоспарға сәйкес өткен сейсенбі аудан әкімі Асқар Қазыбаев Екпетал елді мекені тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі Екпетал елді мекені бойынша атқарылған жұмыстарды кезең-кезеңімен баяндай келе, ауылдың негізгі мәселелері бойынша кеңірек мәлімет берді. Сәуір айының басында қардың күрт еруі, сондай-ақ өзеннің тасуы тұрғындарды біраз әбігерге салғаны рас. Сол кезеңде күні-түні дамыл көрмей еңбек еткен ауылдың ерікті азаматтарына алғысын білдірді. Кездесуде аудан басшысы ауылда мал шаруашылығын дамыту керектігі туралы баса айтты және оған мемлекет тарапынан берілетін көмектерді түсіндіріп өтті. Кәсіпкерлік саласын жандандыруды да алға тартты. Әсіресе, тұрғындарға ауылда бау-бақша көлемін ұлғайтып, ет, сүт өнімдерін көбейтіп сатуды ұсынды.

Ал тұрғындар ауылдың кейбір көшелеріне жарық шамдарын қоюға ұсыныс жасады. Тағы бір мазалайтын мәселе — жолдың жағдайы. Сонымен қатар, Жаңабаз ауылымен арадағы бір жарым шақырымдық жолға электр шамдарын қоюды ұсынды. Өйткені, сабақтан кеш шығатын балалар үшін бұл қиындық туғызып отыр. Ауыл тұрғыны Жәнібек Жұмабеков «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы жас мамандардың үй алуы үшін жаңадан тұрғын үйлер салынса деген ұсыныс білдірсе, Қайрат Бекетаев ауылдағы дамбыны қоршап беруді сұрайды.

Кездесу түстен кейін аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда аудан басшысы ауданға қатысты жұмыстарды баяндай келе, тұрғындарды ауылдың тазалығына баса мән беруге шақырды. Ойыл селосы тұрғындарының негізгі көтерген мәселелері көше жолдарының жайы. Сонымен қатар көгілдір отынды түгелге жуық кіргізіп алған тұрғындар күл-қоқыс полигонының жайын көтерді. Былтыр полигонның төңірегі тазартылып, қалыпқа келтірілді. Ал, Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев Ойылдың басты мәселелерінің бірі – қоғамдық табынның бақташысы екенін де жасырған жоқ. Сондықтан да, бос мал — иесінің ғана емес, биліктің де «бейнеті» болып отыр.

Жиында Асқар Қайырғалиұлы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, ауылдық округ әкіміне тиісті мекеме басшыларымен бірлесе отырып, көтерілген өзекті мәселелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

P.S. Аудан әкімінің кездесу жиынының соңында тұрғындардың жекелеген сұрақтары бойынша сала басшылары қабылдау өткізді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Екпетал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар