Басты тақырып

Көптің көкейіндегі сауал – күре жолдың сапасы

Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың ауыл тұрғындарымен кездесулері Саралжын ауылдық округінің Қоңырат және Қайыңды ауылдық округі орталығы мен Көсембай елді мекендерінде жалғасты.

Қайыңды ауылдық округі ауданнан шалғай орналасқан. Қазіргі таңда көтерме жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қуаңшылық жылдары да мал азығы бітік шығатын округтің аудан үшін орны ерекше. Биыл да мал азығы мол шыққан. Ауыл тұрғындары аулаларына қысқы мал азығын түсіруді әлдеқашан бастап кеткенін әбден аңғаруға болады. Аудан әкімінің тұрғындармен кездесу жиынында орташа деңгейде қатқылдандырылып жатқан жолдың сапасын қозғады. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов ауылға балалар ойын алаңын салып беруді сұраса, аудан әкімі оған қаражат бөлінгенін, қазіргі таңда округ әкімі Ырғызбай Қосдаулетов балалар алаңын салу жұмыстарын баяулатып отырғанын тілге тиек етті. Айта кетсек, қайыңдылықтар бірнеше жылдан бері жедел жәрдем көлігін сұрап келеді. Алайда, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. Ал, Көсембайда аудан әкіміне тұрғындар жеке сауалдары бойынша мәселе көтерді. Сондай-ақ, мұнда да тұрғындар жасалынып жатқан жолдың сапасына алаңдайды. Жолдың сапасыз, олқы жасалынып жатқандығына көз жұма қарай алмайтындарын жеткізді. Бұл мәселе бойынша Ойыл аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары мекемесінің басшысы Нұржау Тұрғамбеков қазіргі таңда жолдың жөндеу жұмыстарын апта сайын қарап, бақылап отырғанын айта келе, жолдың сапасы мен оның жоба бойынша жасалуына ұлттық сараптама орталығы бақылау жүргізіп отырғандығын ашып айтты.

Қоңырат елді мекені Саралжын ауылдық округіне қарайтын шағын ауыл. Саусақпен санарлықтай түтіні бар ауылға аудан әкімі іссапары барысында арнайы ат басын бұрды. Ауылдық тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша хабардар етті. Қоңырат елді мекенінің тұрғындары малға жайылымдық жер тапшы екендігін жеткізді. Расында ауыл тұрғындарының сөзінің жаны бар. Себебі шаруа қожалықтар ауылдың іргесіне тиіп тұр. Сондықтан жеке тұрғындардың малдарын жаятын жайылымдық жер жоқтың қасы. Бұл мәселені шешу үшін аудан әкімі аудандық жер бөлімінің басшысы Мәулен Төремұратов пен округ әкімі Марат Тәжіғалиевке бірқатар тапсырма берді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қайыңды-Көсембай-Қоңырат-Ойыл.

Басқа жаңалықтар