ӘлеуметБасты тақырыпСпорт

СПОРТ АРДАГЕРІНІҢ ТОЙЫНА АРНАЛҒАН ДОДА

Өткен сенбі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде спорт ардагері Бауыржан Смағұлұлы Олжабаевтың 63 жас мерейтойына орай волейболдан мекеме қызметкерлері арасында аудандық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатында Бауыржан ағамызға сый-құрмет көрсетілді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев мерейтой иесіне ізгі лебізін білдіріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Ойыл аудандық білім бөлімі, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі атынан да құттықтау хат, «Спорт ардагері» төсбелгісімен бірге мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Келесі кезекте Бауыржан Олжабаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Құтты меймандардың мерейтой иесіне деген тілектерінен кейін, жарыстың алғашқы ойындары да басталып кетті.
Жалпы аудандық турнирге 12 команда қатысты. Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қарсыластарына дес бермей, турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынға Ойыл қазақ орта мектебі командасы иеленсе, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің командасы үшінші орынды місе тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздары, медальдар және естелік, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Басқа жаңалықтар