Референдум

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Ойыл аудандық коалициясы мүшелері – Айсұлу Мамбетова, Молдашқали Қазмұханов, Серік Сармұханов, Роза Ұлықпанова, Серікбай Қойбағаров, Нұрсұлтан Жумин Ойыл ветеринарлық станциясының еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы бойынша мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласының маңызына ерекше тоқталып, ветеринария қызметінің ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі атап өтілді. Жаңа Ата заңда аграрлық секторды дамытуға, ауыл еңбеккерлерінің құқықтарын қорғауға, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталған нормалар бар екені жан-жақты түсіндірілді.

Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, биологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды. Ветеринария саласының мамандары күнделікті қызметінде мал саулығын ғана емес, халық денсаулығын қорғауға да үлес қосатыны айтылып, олардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты қорғалуы тиіс екені атап өтілді.

Коалиция мүшелері еңбек ету құқығы, әділ әрі қауіпсіз жұмыс жағдайы, әлеуметтік тұрақтылық – жаңа Конституцияның басты құндылықтарының бірі екенін жеткізді. Ашық пікір алмасу барысында қызметкерлер өз ойларын ортаға салып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызды қадам екенін қолдады.

Бұл кездесу – конституциялық реформаның мәнін нақты салалық ұжымдар арасында кеңінен түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Related Articles

Back to top button