Әлеумет
Ойыл ауданында барлық жобаларға қолдау көрсетіледі
Аудан тұрғындарымен кездескен облыс әкімі аудан тұрғындарын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа тетігінің негізгі бағыттары, өңір халқын толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті, өзекті сұрақтарды шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндірді, сондай-ақ ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырды.
«Қазақстан тарихында алғаш рет әрбір ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді бағдарламасы әзірленді деп айтуға болады. 30 жыл ішінде мұндай бағдарлама болған жоқ. Ауылда тұратындардың барлығына қолдау көрсетіледі. Қаладан ауылға көшіп келгендерге көмек беріледі. Мал және шаруашылықты дамытуға қаржы бөлеміз, жылыжаймен айналысқысы келсе, жылыжай салуға көмектесеміз. Ақтөбе облысында 134 ауылдық округ бар. Барлық округ әкімдерінің жұмысы – менің жеке бақылауымда. «Ауыл аманаты» жобалары іске асырылмайтын бірде-бір ауыл болмауы тиіс», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері туралы есеп берді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауданда тартылған инвестициялар көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыс әкімі күшейтуді талап етті. 2022 жылы ауыл шаруашылығында өнім өндірісінің өсімі 3,5 пайызды, мал басының өсімі 28,3 пайызды құрады. Ағымдағы жылы да ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілмек. Егіс алқаптары 1,7 есе артады. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің одан әрі өсуі «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру есебінен күтілуде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікке 30,6 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Кәсіпкерліктің дамуы белсенді. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 7,6%-ға өсті. Бұл ретте, биылғы жылы ауданда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларымен қамту кеңейтіледі. Мысалы, егер былтыр «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 жобаға көмек көрсетілсе, биыл 40-тан астам жоба қолдауға ие болмақ.
Облыс әкімінің тапсырмасымен, өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге зор көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, биыл 2 сегіз пәтерлі коммуналдық арендалық үй салынып, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға тұрғын үй беріледі. Ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берген облыс әкімі Ералы Тоғжанов биыл облыста жол желісін дамытуға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Атап айтқанда, Ойыл ауданында «Ойыл-Қараой» аудандық маңызы бар жолдарды, Сарбие, Көптоғай, Шұбарши және Қайыңды ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады. Ойыл, Құмжарған, Кемер, Ақкемер және Екпетал ауылдарына кірер жолдарды жөндеуді бастау жоспарланған.
«Аудан тұрғындары Көптоғай ауылына кіреберіс жолдың жағдайын айтып, жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес деп шағымданды. Басқа учаскелердегідей бұл жолды жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда болсын», – деді Ералы Тоғжанов аудан әкіміне.
Өңір басшысы Екпетал ауылындағы мектептің апатты жағдайына алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты жауап берген Асқар Қазыбаевтың сөзінше, қазіргі таңда жаңа мектеп салуға құжаттар дайындалып жатыр. Мектеп ұжымы мен оқушыларға ауылдағы әкімшілік ғимарат берілген, сабақ екі ауысымда өтеді.
Ағымдағы жылы Қарасу және Шұбарши ауылдарында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жалғасады. Осы жобалар аяқталғаннан кейін халықтың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі 100%-ға жетеді.