ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«МАЙТАМДЫКӨЛ – АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ ОРНЫ»
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі Көптоғай ауылдық округінде орналасқан «Майтамдыкөл-алғашқы мұнай орны» тақырыбында жер-атаулық деректерді іздестіру, зерттеу жұмысын ұйымдастырды.
Ойыл өңірінде ХІХ ғасырда аты шыққан Майтамдыкөл тарихи жер атауы Көптоғай ауылдық округінің оңтүстік бағытында 15 км жерде орналасқан. Майтамдыкөл- мұнайлы өлке. Колхоздастыру кезінде және одан кейінгі жылдарда Ойыл ауданының тары суармасы Шығанақтың ақтарысына қолданылған двигателдеріне пайдаланылған. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Тамдыкөлден Шұбарқұдыққа өгіз арбамен 200 литр бөшкемен май тасылған. Ертеден келе жатқан кісі бойы қазылып, айналасы шартақпен қоршалып май қалқып алуға пайдаланылған 7 құдықтың ізі әлі күнге дейін сақталған. Мұнай қоры белгісіз болғандықтан қазіргі таңда мұнай компаниялары келіп зерттеулер жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда көл сулы және терең, үлкен аумақты алып жатыр. Кезінде ел қоныстанған орын болғаны, көне қорымдары сақталып ел аузында қалған мұнайлы алқап екенін музей қызметкерлері анықтап, тың деректер жинай білді. Сонымен қатар Ойыл музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев және музей қызметкерлері іздестіру жұмысы аясында Ойыл ауданының оңтүстік-батысында орналасқан «Шоқыбай» бөгеті атауының шығу тарихымен таныса отырып, Көптоғай ауылының оңтүстігіндегі «Аққолқа» көпірінен өтіп, «Көкжар» жәрмеңкесі кезінде тарихта аты қалған Қарасу елді-мекенінің батысында орналасқан Майтамдыкөл тарихи жер атауының Ойыл өңірі үшін маңызы зор екенін ұғынды.