Әлеумет

Бағусыз малдың бейнеті көп!

«Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді», — дейді дана халқымыз. Бірақ бүгінгі күнде еліміз Тәуелсіздік алғалы жаһанданып даму үстінде. Бұрынғыдай емес жол ауыртпалығы жеңілдеп, айшылық жолдарды зулаған темір тұлпарың барда тез еңсеріп өтуге болады. Алайда, жол түзелгенімен жол көлік оқиғалары көптеп орын алуда. Оның басты себебі — жол бойында жүрген мал көп. Көбіне кешқұрым, түнгі мезгілдерде жүргізушілердің жол апатына ұшырауына әкеп соғуда. Мұндай жағдайлар соңғы кездері Ойыл-Қобда тас жолы бойында жиі орын алып отыр. Ойыл мен Саралжын ауылдық округінің арасындағы 54 шақырым қашықтықта қараусыз, бос жүрген жылқы малы жолаушылардың әп-сәтте ажал құшуына әкеп соғып жатқаны ащы да болса шындық. Қараусыз жүрген Қамбар ата төлінің жүргізушілерге кедергі келтіру себебі жайлаулар мен малшы ауылдар жол бойына жақын маңда орналасқан. Жол бойында жүретін жылқы ғана емес. Бұрынырақта талай сиыр соққандарды да көрдік. Шынтуайтына келсек, мал күтіліп, бағылмайды. Сонда адам өміріне кім кепіл? Қараңғы да босып жүрген малдардың салдарынан болатын көлік жол апатының алдын қалай аламыз? Бос жүрген мал иесіне айыппұл да жоқ. Көлік соғылып, адам қаза болғаннан кейін қайғының орнын қалай толтырамыз? Мал иесі мұндай сәтте темірдің шығынын өтеп беруден жалтармайтынын біз жақсы білеміз. Ал, адамның орнын толтыра алмайды ешкім.
Міне осындай көптің көкейінде жүрген көкейтесті мәселе өткен аптада Ойыл селолық округі әкімдігі жанындағы қоғамдастық отырысында талқыға түсті. Жол көлік оқиғасының алдын-алу үшін жылқыларға жарыққа шағылысатын ленталар тағу керектігі айтылды. Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Тоқсанбайұлы қоғамдастық құрамындағы ақсақалдардың ой-пікірін тыңдай келе жол бойындағы жылқыларға жарық шашатын лента тағу керек деген байламға келді. Өйткені мал иелеріне малды бақтыру мүмкін еместігінде жасырмады. Қоғамдық кеңеске арнайы қатысқан аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Көкебаев мал бағусыз болса, тәуліктің кез-келгенуақытында малды соғып жол көлік оқиғалары болған жағдайда мал иесі көлікке келтірілген шығынды өтейтіндігін жеткізді. Алайда бұл жол көлік оқиғасының алдын алуға арқау болмайды. Күтілмеген мал күтпеген жерден шығады. Демек, «Жүрместен бұрын жолыңды байқа» деген бекерге айтылмаса керек.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар