ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ-ЖАСТАР

МЕН СЕНЕМIН ЖАСТАРҒА. АЛАШ АТЫН АСПАНҒА ШЫҒАРАР ОЛАР БIР ТАҢДА, МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМIН!, - ДЕГЕНДЕЙ БҮГІНДЕ БІЛІММЕН, ЖІГЕРМЕН ҚАРУЛАНЫП, ҚОҒАМҒА БЕЛСЕНДІ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН ЖАСТАРМЕН МАҚТАНАМЫЗ.

12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай «Жаңа Қазақстанның болашағы – жастар» атты Ойыл ауданының жастарына арналған форум өтті.


Орталық саябақта өткен шара алдымен «Ауыл аманаты» жобасының жас қатысушыларының өнімдері мен жас кәсіпкерлердің бұйымдар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қолөнер шеберлерінің әртүрлі заттардан жасаған туындылары өзіндік ерекшелігімен көз тартты. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жастарды мерекемен құттықтап, ел сенімін, үмітін ақтау — жастардың қолында екенін атап өтті. Бір топ үздіктерге аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қарлығаш Зейноллаева, Мейрамбек Бисенқұлов, Ринат Шілманов, Айсұлтан Имұханов, Гүлзат Үйелбаева, Айшолпан Тапашева, Нұргүл Сәлімгереева, Гүлжан Сқақова, сондай-ақ жас кәсіпкерлер Әсима Шамаева, Ақнұр Ғазизовалар марапатталды.


Біздің елімізде өскелең ұрпаққа әрдайым көңіл бөлініп, істеріне қолдау жасалады. Осы қолдауды сезінген жас буын қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене атсалысып, өздерінің алған білімі мен тәжірибелерін іс жүзінде көрсетуде. Бұл орайда аудан жастарының күнін атап өту арқылы қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың осы бір белсенділігін арттыру көзделген.
Аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдинде өзінің атынан бір топ жасқа Алғыс хатын табыстаса, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының есеп және статистик секторының меңгерушісі Молдашқали Қазмұханов «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искариннің Алғыс хатын аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әли Еркінов, Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Амангүл Бисенбина, Ойыл аграрлық колледжінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Інжу Досбаева, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Азамат Жасұланов, Ойыл қазақ орта мектебінің физика пәні мұғалімі Жеңіс Зейноллинге тапсырды.


Айтулы мерекеге үлкен дайындықпен шыққан аудан өнерпаздары жастардың құрметіне әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар