ӘлеуметСұхбат
Шебердің қолы ортақ!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы - жаңа тарихи кезеңге қадам басып, қайта түлеудің тың бағыттарына бет алған еліміздің болашағы мен қазақстандықтардың келешегі үшін маңызы терең құжат. Ұлт көшбасшысы халқымыздың тағылымы мол тарихы мен сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңгегі ете отырып, болашаққа деген зор сеніммен қадам жасаудың қажеттігін түсіндіреді. Қазіргі уақытта Елбасы бастамасымен мәдени мұрамызды жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Осыған дәлел ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулі жандар клубының мүшесі, жеке кәсіпкер, тоқымашы Гүлсім Елекбаевамен сұхбаттасқан едік.
- Гүлсім Саматқызы, сізді аудан тұрғындары тоқымашы ретінде таниды. Мүмкіндігі бар кез-келгеннің қолынан келе бермейтін осы іспен қай уақыттан бастап шұғылдандыңыз?
- Қазақта қыз баласы бар қай кезде де апа-аналар қолынан келгенше тігіншілікке, тоқыма тоқуға баулиды ғой. Сол сияқты мен де бала кезімнен тоқыма жұмыстарына әуес болдым. Мектепте оқып жүргенде еңбек сабағында апайларымыз үйрететін. Алғашында шұлық, қолғаптан бастадым. Қазір де барлық уақытымды осы тоқымамен өткіземін. Өзім І-топтағы мүгедекпін, қол арбамен жүремін.
- Сіздің тоқымаға деген әуестігіңіз қазір кәсіпкерлікке ұласқан. Ал кәсіпкер ретінде қашаннан бері жұмыс жасап келесіз?
- 2010 жылдан бастап осы іспен тұрақты жұмыс жасап келемін. Ол уақытта Көптоғай ауылдық округі Шұбарши елді мекенінде тұрдым. Ауыл әкімі Ғ.Әмірова облыстық көрмеге қатынастырды. 2011 жылы жеке кәсіпкерлік ашып беріп, 2012 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының ұйымдастыруымен 100 000 теңге грант жеңіп алдым. 2016 жылы аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің шақыртуымен, Қ.Байменова басшылық ететін Ақтөбе қалалық сал азаматтарды қолдау қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жарыста ІІ орын иелендім. Қазір сол гранттарды жеңіп алу үшін осы іспен 5 жылдай айналысу керек. Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма 7 жыл болды.Қайта қатысқым келеді. Бірақ қатынасу үшін оқытылған арнайы сертификат болу керек екен.
- Қазір кәсіпкерлігіңіз қалай жүріп жатыр? Сұранып бар ма? Өзіңізге пайда түсе ме?
- Аллаға шүкір, сұраныс түсіп жатыр. Көбінесе күз-қыс мезгілінде шұлық, беретка, шашбау, шәлі сияқты бұйымдарға сұраныс көп болады. Енді бұйырса, түрлі жұмсақ ойыншықтарды тоқып, сатылымға шығарамын. Ауданда өтетін шаралардан қалдырмай шақырып отырады, рахметімді айтамын. Тоқылған бұйымдарымды көрмелерге шығарып сатамын, әлеуметтік желіге саламын. Түскен табыстан салық төлеп, қажетті жіптерімді алдыртамын. Алғашында бір киілген киімдерді тарқатып, содан тоқитынмын. Қазір қажетті жіптерімді арнайы дүкендерден бауырларым жеткізіп береді. Тоқыған бұйымдарымның бағасын жіптің сапасына қарай бағалаймын. Қымбат жіптермен де тоқуға болар еді, бірақ қалтамның көтеруіне қарай ирандық, ресейлік жіптерді пайдаланамын.
- Тоқыма ісіне епті жастарға үйретуге қалай қарайсыз?
- Қуана келісемін. Ерікті түрде жаңадан бастап үйренгісі келетін келіндерге, жас қыздарға үйретуге әзірмін. Менің жұмысымның көрінуі үшін 2 сағат болса да, жұмыс жасайтын орын болса, мүмкіндігімді қалт жібергім келмейді.
- Бұйымдарыңызға қарап отырып, тоқудың өз әдісі, өнері бар екенін көреміз. Ал осы бұйымдардың тоқылу әдісін қайдан қарайсыз?
- Қазір технологияның дамыған заманы ғой. Әлеуметтік желілерді шарлап, арнайы тақырыпта іздеп, тоқимын. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, іздесең, табасың!
- Елбасының бастамасымен рухани құндылықтарымызды жаңғырту мәселесіне қалай қарайсыз? Сіздің айтарыңыз бар ма?
- Әрине, рухани жаңғыру — өзіміздің төл мәдениетімізді насихаттау, қолдау көрсету. Маған қолдау көрсетіп отыратын басшы азаматтарға рахмет айтамын. Істеріңіз өнімді болсын! Және бір айтарым, алдағы уақытта жасалған жұмыстарымның жоғалып кетпесі үшін арнайы каталог жасатқым келеді. Тоқыма жұмысымен үйренетін қыздар болса, «Үкілі үміт» клубының жұмысы ретінде айналысуға дайынмын.
- P.S. Кейіпкерімнің бөлме гүлдерін ұқыпты күтетіні көрініп-ақ тұр. Әңгіме барысында жоғарыдағыдай ұсыныстарын білдірген Гүлсім апамызға алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, өз ұсынысымды да білдіріп, рахметімді айтып, шығып кеттім. Қазақ «Қуыс үйден — құр шықпа!» демекші, Гүлсім апаның тоқыған бұйымдарына қызығып, «бұйымдарыңыз сәтті бағалана берсін» деп, бағасы қолжетімді аспан түстес көгілдір беретканы қызыма сатып ала салдым.
Сұхбаттасқан
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығы жанындағы«Үкілі үміт» клубының жетекшісі Г.Бисекенова.