ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ –

ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТЕН»

Халқымызда «Қайырымдылық – жылы жүректен» деген қанатты сөз бар. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы.
Әрине, адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды.
Өйткені, қамқорлықты қажет ететін жандарға қолұшын беру жақсылыққа қадам.
Осындай жақсылыққа қадам куәсі — алпыс адамға «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп, бір-біріне ізгі лебіздерін жолдаған жандарды аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев құттықтады. Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әнмен шашу шашса, ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдар да өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Ойыл ауданында осындай санатқа жататын 442 адам бар. Олардың ішінде 90-ы кәмелетке толмаған балалар.
Олар мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы мен әртүрлі әлеуметтік жеңілдіктер алып отыр. Сонымен қатар, Ойыл селосында «Аққу» мүгедектерге және егде жастағы азаматтарға көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі оңалту бағдарламаларына сай қызмет етсе, «Бекарыс» дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды қатарға қосу орталығы» қоғамдық бірлестігі олардың қажеттіліктеріне орай тегін көлік қызметін көрсетеді.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсыну әр жанның азаматтық парызы.

Басқа жаңалықтар