Ақтөбе облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасының Ойыл аудандық филиалының ұйытқы болуымен жуырда аудандық прокуратураның аға прокуроры Нұрлан Төлепбергеновтің және аудан әкімінің міндетін атқарушы Саян Сүлейменовтің қатысуымен кәсіпкерлермен ашық пікірталас түріндегі жиын өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтар талқыланып, оларға заң талаптары бойынша түсіндірілді.
Кәсіпкерлік қызметті іске асыру кезіндегі жүйелі мәселелерді, әкімшілік кедергілерді анықтап, олардың шешу жолдарын талқылауды мақсат тұтқан «ашық диалогқа» аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен аудан кәсіпкерлері қатысты.
Кездесу барысында аудандық прокуратураның аға прокуроры Нұрлан Төлепбергенов бүгінгі таңда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен осы саладағы заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатындағы құқықтық негіздерге тоқталса, Саян Сапарұлы аудандағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен оған кәсіпкерлердің қатысуы және үлесі туралы нақты деректермен мысал келтірді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа кәсіпкерлік бағытқа бет бұрған тұрғындар туралы да тілге тиек етті.
Ал, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Майланов салық заңнамасында көзделген жеңілдіктер мен жалпыға бірдей декларацияны тапсыру тәртібі туралы түсіндірді. Сондай-ақ, кірістерді декларациялауды іске асыру көлеңкелі экономикаға қарсы тұруға, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне, салық базасын кеңейтуге және жеке табыс салығының бюджетке түсімін арттыруға, Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің салықтық мәдениетін арттыруға тигізетін ықпалы туралы баяндады.
Ал, кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жан-жақты жауап алды.